Алматыда балаларға арналған "Тілектер ағашы" атты жаңажылдық қайырымдылық акциясының екінші толқыны басталды, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі. Жобаның ұйымдастырушылары балалардың ерекше тілектері жайында айтып берді.
Алматыда балаларға арналған "Тілектер ағашы" атты жаңажылдық қайырымдылық акциясының екінші толқыны басталды, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі. Жобаның ұйымдастырушылары балалардың ерекше тілектері жайында айтып берді.
Ұйымдастыру комитеті өкілдерінің айтуынша, тілектердің арасында балалар үйінің тәрбиленушілерінің бірінің жазғаны есте жақсы сақталды. "Баланың көзі көрмейді, бірақ ол әнді жақсы айтады және музыканы жақсы көреді. Ол күндердің бір күнінде Қайрат Нұртаспен бір сахнада ән салуды тілеген. Біз оның тілегін өз бақылауымызға алдық және қазіргі таңда оның әншімен кездесуін ұйымдастыру жұмыстарымен айналысып жатырмыз", - деді жобаны ұйымдастырушы Диана Кулакеева. Оның айтуынша, ұл бала Қайрат Нұртастың таяуда болатын концерттерінің біріне қатысып қалуы да мүмкін.
Екі күннің ішінде 700-ден астам тілек жиналды. "Біз шыршаға ілінген тілектер 13 желтоқсанға дейін орындалады деп жоспарладық, бірақ мейірімді алматылықтар оларды 7 желтоқсанға дейін-ақ орындады", - деді жобаның ұйымдастырушысы Диана Кулакеева. Ұйымдастырушылардың сөзіне қарағанда, қазіргі таңда тілектер толығып жатыр. Сонымен қатар, Алматы, Есік, Қаскелең қалалары мен Талғар және Іле аудандарындағы жетімдер үйінен 18 жасқа дейінгілердің қосымша 300 тілегі жиналып жатыр.
"Алайда кей жағдайда өзгелерге де мүмкіндік беріледі. Мысалы біздің жобаға 21 жастағы жігіт қатысып жатыр, ол мүгедек. Басында баспанасы болмағандықтан, әлі жетімдер үйінде. Жігіт Жаңа жылға әдеби кітаптардың жинағын сыйлауды өтінді. Ол өте ақылды әрі білімді жігіт, сондықтан оның тілегін жерге тастай алмадық", - деді Диана Кулакеева.
"Тілектер ағашы" немесе Charity Wish Tree қайырымдылық жобасы 2015 жылы 5 желтоқсанда қаланың төрт сауда және ойын-сауық орталығында басталды. Бұл жобаның аясында балалар үйінің кез келген тәрбиеленушісі немесе жағдайы төмен отбасыдан шыққан балалар Жаңа жылға өз тілектерін жазып, оларды шыршаға іле алады. Осыдан кейін орталыққа келген қонақтар кез келген тілекті үзіп алып, балалардың арманын орындай алады.
Акция 13 желтоқсанға дейін жалғасады және "Тілектер ағашының" жанында сағат 10.00-ден 22.00-ге дейін еріктілер кезекшілік атқарады. Олар жобаға қатысуға ниеттілерді тіркеп, сыйлықтарды сақтап қояды және олар акция аяқталғанда тілекті жазған балаларға таратылады. Балаларға барып, сыйлықты өз қолымен табыс етемін дейтін адамдар үшін арнайы көлік қатынайды.