"Ғашық оты жанады, жана берсін! Жұбайлардың жолдары бола берсін!". Бұл әнмен қаншама отау, қаншама шаңырақтың шырағы жағылды. Бүгінде осы әнмен бас қосқан жас жұбайлар ақ самайлы ата-әже болды. Бүгінгі Қозы Көрпеш - Баян Сұлу күніне орай Tengrinews.kz тілшісі қазақ тойының гимніне айналған "Ғашықтар жыры" қалай жазылғанын анықтап көрді.
"Ғашық оты жанады, жана берсін! Жұбайлардың жолдары бола берсін!". Бұл әнмен қаншама отау, қаншама шаңырақтың шырағы жағылды. Бүгінде осы әнмен бас қосқан жас жұбайлар ақ самайлы ата-әже болды. Бүгінгі Қозы Көрпеш - Баян Сұлу күніне орай Tengrinews.kz тілшісі қазақ тойының гимніне айналған "Ғашықтар жыры" қалай жазылғанын анықтап көрді.
Әнді үлкен сахнаға алғаш алып шыққан "Дос-Мұқасан" ансамблі. Бұл 1980 жыл еді. "Ғашықтар жырының" әнін жазған да осы "Дос-Мұқасан" ансамблінің көркемдік жетекшісі әрі негізін қалаушы, композитор, музыкант Мұрат Құсайынов.
Ән негізі 1979 жылы театр қойылымына арнап жазылған.
"Ғабит Мүсірепов атындағы Қазақ Мемлекеттік Академиялық балалар мен жасөспірімдер театры қойған "Пай-пай, жас жұбайлар-ай" атты музыкалық спектакльге арнап жазылған. Бірінші орындалуында менің аранжировкаммен айтқан сол театрдың актерлері, оның ішінде Досхан Жолжақсынов, Лидия Каденова бар", - дейді Мұрат Құсайынов.
Ол жазушы, сценарист Мұхаметқали Хасеновтің бұл қойылымы әлі есінде екенін айтты.
"Студенттік өмір, жігіттер мен қыздардың танысуы және қарым қатынасы туралы. Бір жігіт пен қыздың арасында махаббат пайда болып, олар талай ажырасып, талай табысып, көп оқиға бастан кешеді. Аяғында үйлену тойы болып, екеуі отбасы болады. Сол тойда осы "Ғашықтар жыры" орындалады", - дейді композитор.
Жалпы бұл спектакльде Мұрат Құсайынов жазған 4 ән бар, соның үшеуі бүгінде халыққа белгілі. Олар - "Жар жүрегі", "Жігіттер жыры" және инструменталды музыка.
"Ғашықтар жырының" сөзін қазақтың біртуар ақыны Тұманбай Молдағалиев жазған. Бірақ Мұрат Құсайынов әнді ақынмен бірлесе отырып жазбағанын айтты.
"Маған спектакльдің режиссері ұсыныс жасағанда, өлеңнің сөзі дайын екен", - деді ол.
"Ғашықтар жыры" - "Дос-Мұқасан" ансамблінің аранжировкасында бүкіл елге танылды. Бүгінде оны көп әнші сахнада, тойда айтып жүр.
МузАрт тобының солисі Мейрамбек Бесбаев әнді "Дос-Мұқасанның" 40 жылдығында айтқанын еске алды. Алайда, әншінің сөзінше, Тұманбай Молдағалиев топ орындауындағы "Ғашықтар жырын" естімей кеткен.
Қозы Көрпеш - Баян Сұлу күні: Тарихы, бүгіні және ертеңі
"Әрең қаратып алғанбыз". Танымал қазақстандықтар жарымен қалай танысқан?
Сілтемесіз жаңалық оқисыз ба? Онда Telegram желісінде парақшамызға тіркеліңіз!