"Қазақстан дауысы - 2015" байқауының жеңімпазы Мұратбек Хайролда жүлде ретінде алған 5 миллион теңгені қайырымдылыққа жұмсайтынын айтты. Әнші бұл жайында "Қамшы.kz" порталына берген сұхбатында хабарлады.
"Қазақстан дауысы - 2015" байқауының жеңімпазы Мұратбек Хайролда жүлде ретінде алған 5 миллион теңгені қайырымдылыққа жұмсайтынын айтты. Әнші бұл жайында "Қамшы.kz" порталына берген сұхбатында хабарлады.
"Жүлде ретінде алған 5 миллион теңгені көмек қорларына, операцияға кіретін балаларға, жетімдер үйіне беруді ниет етіп отырмын. Себебі, әр азамат қазақтың қамқорлыққа мұқтаж балаларына көмек қолын созатын болса, сол көмектен балалар бақытқа кенелсе, мұндай істің сауабы кез келген жеңімпаздық атақтан әлде қайда артық. Алланың берген осындай бақытына кішкене болса да өзгелерге көмегім арқылы рахметімді, шүкірімді айтқым келеді", - деді әнші.
Мұратбек алға қойған мақсаттарын де бөлісе кетті. "Осы деңгейде қалып қоймай жетіле беруді, өнерімді шыңдауды көздеп отырмын. Шынайы қолдаушылары, талғамды тыңдарманы көп әншілер қатарынан табыла білсем, мені ардақтаған жақындарымның да, менің де бақытым сол емес пе?! Қазақстанның еңсесін көтеру, көк байрақты желбіретіп, қазақтың атын шығару менің де арманым", - деді ол.
Жоба жеңімпазы өнерде жүрген барлық әншіні үлгі тұтатынын жеткізді. "Өнер жолында жүрген әркімнің де өз биігі бар, өз өнегесі бар, өзіндік орны бар. Сондықтан да өнер жолындағы барлық аға-әпкелерді, бауырларымды жақсы тыңдаймын, сыйлаймын, жоғары бағалаймын. Алалап, бөліп жарған емеспін. Халықтың жүрегінен әбден орын алған Роза Рымбаева, Медеу Арынбаев, Нұрлан Албан, Жұбаныш Жексенұлы сияқты әншілерді өзіме үлгі тұтамын. "Қарағайға қарап тал өсер, Атаға қарап бала өсер" дейді ғой қазақ. Алдыңғы буын әншілердің бәрін де үлгі етеміз", - деді әнші.
Айта кетейік, Мұратбек Хайролда 1990 жылы 28 шілдеде Монғолияның Баян-Өлкей аймағында өмірге келген. Ата-анасы сол жылы Қазақстанға қоныс аударған. Әнші Ақмола облысының Степногорск қаласында өсіп, білім алған. Қазір Астанадағы Қазақ ұлттық өнер университетінің эстрада бөлімінің 3 курс студенті.