Алматыда тувалық мультиинструменталист әрі көмей әншісі Радик Тюлюштің қатысуымен "Күз дауыстары" бірегей музыкалық думаны өтті, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі.
Алматыда тувалық мультиинструменталист әрі көмей әншісі Радик Тюлюштің қатысуымен "Күз дауыстары" бірегей музыкалық думаны өтті, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі.
Көмейінен әр алуан реңкті дыбыс шығарып, бірнеше нотаны қатар алатын орындаушы қазақстандық диджей Нариман Исеновпен, "Қазына" вокал ансамблімен және "Шарапат" тобы музыканттарымен бірге өнер көрсетті. Сөйтіп, тува халқының дүниетанымы мен Шығыс Сібір даласының тылсым табиғатынан хабар беретін әуендер электронды музыка ырғақтарымен, академиялық вокалмен, гитара және қазіргі заманғы басқа да аспаптар үнімен жарасым тапты.
Жанрларды жарастырған тың музыкалық тәжірибе визуалдық шешімдермен көркемделді. Концерт Dostyk Plaza сауда - ойын-cауық орталығындағы Space мультимедиялық галереясында өтті. Оның жарық және безендіру технологияларының арқасында көрермен этникалық әуендерге өң берген көркемдік эффектілерді тамашалады.
"Қазына" ансамблі орындаған халық әні "Ауылың сенің іргелі" және Ақан серінің "Шырмауық" әні тува халқының фольклорымен араластырыла орындалып, өзара үйлесім тапты. Көрермен Радик Тюлюштің түрлі аспапта қатар ойнау шеберлігіне де тәнті болды.
Тува әншісінің қатысуымен болған "Күз дауыстары" тұңғыш мультимедиялық думанын The Spirit of Tengri жобасы аясындағы ауқымды да әсерлі концерттерімен танымал Tengri FM ұлттық радиостанциясы ұйымдастырды. Еске сала кетейік, 2014 жылдың маусым айында Алматыдағы Республика сарайының алдында өткен қазіргі заманғы этникалық музыканың The Spirit of Tengri атты екінші халықаралық фестиваліне Радик Тюлюш те қатысқан болатын.