ҚР халық әртісі, ҚР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты Лаки Кесоглу "Опера №2" әнін Витас пен Димаш Құдайбергеновтің орындауларын салыстырды, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі.
ҚР халық әртісі, ҚР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты Лаки Кесоглу "Опера №2" әнін Витас пен Димаш Құдайбергеновтің орындауларын салыстырды, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі.
Халқы әртісі Димаштың даусы музыка тілінде қалай аталатынын айтты. "Димаштың даусы сирек. Оның дауыс түрі тенор альтино немесе контртенор деп аталады. Ол классика жанрында дами алады. Бірақ ол мұны қаламайды. Әлемде контртенорлар саусақпен санарлық. Олар танымал емес, бірақ бар. Бұл өте сирек кездесетін дауыстар. Ол өте жас, 22 жаста осындай зор жетістікке жетіп отыр. Оны Витаспен салыстырудың қажеті жоқ, мен сізге ресми мәлімдеме жасай аламын - Витастың мүмкіншілігі Димаштың даусының жанында түк те емес", - деп мәлімдеді ол.
Айтуынша, бұл Димаштың табиғи даусы. "Ол жоғары тенор ноталарында да айта алады, бірақ ол өзінің қалыпты даусымен де ән шырқайды, онысы жағымды естіледі. Менің білуімше, ол Ақтөбе музыкалық училищесін классик ретінде оқып шықты, ол жақта эстраданы оқытпайды. Сондықтан, бүгінде Димаш көш басындағы әншіміз. Оның қасына ешкімді де қоюға болмайды. Қалған жұлдызсымақ әншілер оның маңына да жақындай алмайды. Ал оның Витаспен салыстыру білімсіздіктен. Витасты тыңдап көріңіздер, ол өз даусымен айтқанда арғы жағында ештеңенің жоқ екенін байқайсыз. Оның даусы фальцет, дамыған фальцет қана, осы мүмкіндігін қолданып қана жүр. Таяуда Витастың продюсері әндерін айтуға тыйым салды деп естідім, бұл дегеніңіз олар бәсекелестіктен қорқып отыр деген сөз. Ал меніңше, бұл конкурста Димаш жеңімпаз атанады", - деп болжады әртіс.
Оның айтуынша, қытайлық байқауда дыбыс режиссерлері ешқандай да сиқыр жасап отырған жоқ. "Димаштың диапазоны төрт октаваға кең. Одан да жоғары болмаса. Кәсіп иесі ретінде айтайын, бізде дарынды, музыкалық дарыны бар деген термин бар. Адам ән салғанда ол жайлы "жанымен айтты", "жылуы сезіледі" деп жатамыз. Бұл музыкалдық деп аталады. Бұл қасиет барлығында бар деу қиын. Яғни адамның дауыс мүмкіншіліктері көп болуы мүмкін, бірақ оны тыңдап көрсең, бос болып шығады. Ал Димашта барлығы да бар, 22 жасында сахнаға дайындықпен шығып жүр. Яғни не жайлы ән айтып жатқанын білетін әнші. Бұл өте құнды", - деді ол.
Кесоглу Құдайбергеновті бұрыннан білетінін, шығармашылығын шолып жүргенін де айтып отыр.
"Мен Димашты бұрыннан білемін, жарылыс жасайтынын күтіп жүрмін. Бірнеше жыл бұрын Астанада түрлі концерттерге қатыстым, сол кезде ол да болған. Сол уақытта-ақ оған назар аудардым. Кейін концерттердің бірінде әңгімелестім. Сұхбаттарымның бірінде Димаш Құдайбергенов деген жас жігіттің барын, оның "Славян базарында" нағыз дүмпу туғызғанын айтқанмын. Бұл деген керемет жетістік қой. Әншілеріміздің біреуі де "Славян базарында" бас жүлде алмаған. Ал бізде бұл жағдай назарсыз қалды. Меніңше, әділетсіздік", - дейді Лаки Кесоглу.
"Соңғы рет 9-ында Астанадағы концертте ән айттым, ол да болды. Грим бөлмесінде әңгімелескенімізде ол Қытайға бара жатқанын айтты. Бірақ сол кезде қандай конкурс екенін білмедім, енді міне, естіп жатырмын, Youtube хостингінен көрдім, дәл осындай жағдай болуы керек еді деп ойлаған едім. Ол өте дарынды. Табиғатынан, құдайдың берген дарыны, вокалы ерекше, мұндай дауыс сирек кездеседі. Ең бастысы ол мақсатына берік, әнмен өмір сүреді, мамандығын сүйеді", - деп қорытты сөзін Лаки Кесоглу.
Айта кетейік, Димаш Құдайбергенов 28 қаңтарда Қытайда өтіп жатқан I Am a Singer музыкалық конкурсының екінші кезеңінде де жеңімпаз атанған болатын. Әнші ресейлік атақты Витастың "Опера 2" атты туындысын орындаған еді. Видеоны мына жерден көруге болады.