Марат Бисенгалиев Жамбыл атындағы мемлекеттік филармонияда Алматы симфониялық оркестрімен бірге жеке концерт береді, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі.
Марат Бисенгалиев Жамбыл атындағы мемлекеттік филармонияда Алматы симфониялық оркестрімен бірге жеке концерт береді, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі.
"Достарға арналған концерт" деп аталатын кеш 1 қараша күні филармонияның Үлкен залында өтеді. Концерт бағдарламасында Йузаф Сук, Карл Дженкинс, Еркеш Шәкеев және Алмас Серкебаев сияқты композиторлар шығармалары орындалады.
Марат Бисенғалиев жетекшілік ететін Алматы симфониялық оркестрі 2012 жылдың қазан айында І Орындаушылық өнердің бүкіләлемдік конгресі шеңберінде көпшілікке таныстырылған болатын. Коллектив құрамында халықаралық және республикалық байқауларда лауреат атанған музыканттар өнер көрсетеді. Соңғы екі жыл ішінде олар әйгілі Abbey Road және Angels Studio студияларында 10-нан астам күйтабақ жазды.
2014 жылдың 12 қарашасында Нью-Йорктың ірі концерт залдарының бірі - Карнеги-холда "Абай" және "Шәкәрім" сюиталарының әлемдік премьерасы өтетіні белгілі. Өзінің Алматыдағы жеке концертінен соң Марат Бисенғалиев пен симфониялық оркестр бірден сонда аттанады. "Абай" және "Шәкәрім" шығармаларының авторы - ағылшын композиторы, Британ империясының Аса жоғары орденінің командоры Карл Дженкинс. Ол бұл туындыларды жазбас бұрын көшпенділердің музыкалық ортасын түсіну үшін және қазақтың халық аспаптарын зерттеу үшін Қазақстанға арнайы келіп кеткен. Әлемдік премьераға Карл Дженкинстің өзі дирижер ретінде қатысады.