Еуразия Ұлттық университетінің профессоры Мырзантай Жақып Мейрамбек Беспаев бастаған әншілердің магистратурада қалай оқығандарын жасырмай жайып салды, - деп хабарлайды КТК телеарнасы.
Еуразия Ұлттық университетінің профессоры Мырзантай Жақып Мейрамбек Беспаев бастаған әншілердің магистратурада қалай оқығандарын жасырмай жайып салды, - деп хабарлайды КТК телеарнасы.
Профессор магистранттарға деп бөлінетін білім гранттарының кімге кетіп жатқанын ашық айтып берді. Мырзантай Жақыптың айтуынша, жоғары оқу орнында тегін оқу мүмкіндігі талантты жастарға емес, сабаққа мүлде келмейтін жұлдыздарға үлестіріледі. Оның ішінде, атақты әнші, асаба, әйгілі тележүргізушілер де бар. Тек сахнадан ғана көрінетін студенттерге ұстаздар жоғары баға қоюға мәжбүр екен. Мемлекеттік грант иегерлерін анықтауға қатысатын ұстаз бәйге шаппай жатып-ақ, жүлдегерлердің белгілі болатынын айтады.
Мырзантай Жақып. © Kyzylorda-News.kz
"Әр мамандыққа магистратураға бөлінген орындар бар ғой, 10 орын, 20 орын. Сонда әр бөлінген орындардың кемінде 30 пайызын сондай сырттан келген, сахнада жүрген, тойда жүрген, той-томалақта жүрген асабалар әртүрлі, арзанқол әншісымақтар деп айтар едім, сондай адамдар алып кетеді. Осылай үздік бітірген бірнеше студентім магистратураға түсе алмай, далада қалды мысалы. Былтыр да болды, алдыңғы жылы да болды. Ол жыл сайын қайталанады. Ол биыл да солай болады!", - деді Мырзантай Жақып.
Телеарна тілшілерінің айтуынша, мемлекеттік есебінен "магистр" атанғандардың ішінде Мейрамбек Бесбаев, Жанар Дұғалова, Қайрат Нұртас та жүр.
"Сол екі жыл сабаққа келмейді олар. Басында бір көрінеді. Олардың сабаққа келгеннің өзі бір шоу! Ойбай, пәленше сабаққа келді! Ол сабаққа келуге міндетті ғой! Ол бір көрінді сонымен жоқ! Ол екі жылдан кейін дипломын алатын кезде бір-ақ келеді... Оқу орнына келген кезде аудиторияға келмейді. Олар тіке бастықтарға барады. Олар ректорға барады, проректорға, деканға сөйтеді де бізге тапсырма береді. Міне , екі жыл келмеген балаға баға қойып беріңдер деп. Қоймасаң, қорқытуға кіріседі. Жұмыстан шығартып жіберем дейді, ректораттан қысым жасайды. Қанша адамға біз обал жасап жатырмыз. Алдын ала тізім жасап қоямыз. Мысалы 20 орын магистратураға орын бере ме, 20 орынға тізім жасап қойғанбыз. Ол біле ма ағылшын тілін, ол өте ме, өтпей ме. Оларды өткізу керек. Бәріміз білеміз ғой оларды тегіннен тегін өткізіп отырған жоқ қой! Бақылауды күшейту керек! Керек болса тексеру керек, осыған дейін бітіргендерді", - дейді профессор.
Доценттің бұл жанайқайына Мейрамбек Бесбаев жауап берді. Жауабын әлеуметтік желідегі парақшасына жазған әнші бұған дейін де бірнеше оқу орнын бітіргенін алға тартып, керісінше ғалымның іштарлығын бетке басқан.
"Қадірлі, достар! Өкінішке орай, біздің арамызда қуанышқа ортақтаса алмайтын, іштарлығы бар адамдар да кездеседі. Өзі ұстаз, өзі журналист-ғалым Мырзантай Жақып деген ағамыз фейсбукте мені ғалым болып біреудің орнын тартып алғалы жүрген адамдай сипаттапты. Менің өнерде өз жолым бар. Ешкімнің жолына да, қызметіне де таласқан емеспін. Бала күнімнен музыка мектебінде оқыдым. Ұлттық консерваторияда білімімді жетілдіріп, Т.Жүргенов атындағы Театр және өнер академиясын бітірдім. Жаңа заман талабына сай сол оқыған білімімді дамыту үшін "Мәдениеттану" мамандығы бойынша магистратураны жалғастырдым. Экономика, заң, физика сияқты басқа саланы қуған жоқпын. Ел сөз қылмасын деп ашық диссертация қорғауға да келісім бердім. Келген адамдардың бәрі қорғаудың қалай өткенін көздерімен көрді. Түркияның, Әзербайжанның елшілігінен де арнайы өкілдер қатысып отырды. Өз салам бойынша білімімді жетілдіруге менің де құқым бар деп ойлаймын. Кейде осындай сәттерде кімнің дос, кімнің дұшпан екені де белгілі болып қалады. Мен ешкімге жамандық тілемеймін. Баршаңызға тек қуаныш тілеймін!", - деп жазды Бесбаев.