Қазақстанның халық әртісі Роза Рымбаева жас әншімен бірге ән жаздырып жатыр. Бұл туралы Айдарбек Рысбек Tengrinews.kz тілшісіне берген сұхбатында айтты.
Қазақстанның халық әртісі Роза Рымбаева жас әншімен бірге ән жаздырып жатыр. Бұл туралы Айдарбек Рысбек Tengrinews.kz тілшісіне берген сұхбатында айтты.
Әншінің айтуынша, Роза Рымбаева оған бірігіп ән айтуға ұсыныс жасаған. "Роза Қуанышқызы маған осылай ұсыныс жасайды деп ойламадым. "Айдарбек, сен ән дайында, екеуіміз бірге дуэт болып орындайық" деген кезде қуанышымды жасыра алмадым. Мен мұны өзім үшін мәртебе деп білемін. Тіпті, бақыт десем де болады. Себебі, ол кісімен бірге кім көрінген ән айта бермейді", - деді әнші. Қазіргі уақытта әнші жаңа туындыны дайындауға кірісіп кетті.
Айдарбек Рысбектің айтуынша, әнді өзі жазып шықпақ. Ал сөзін ақын Иран Ғайыпқа жаздыру жоспарда бар. Орындаушының айтуынша, туынды осы айда дайын болып, халықтың көңілінен шығып жатса жаз айларында бейнебаян да түсірілмекші. "Ал осы әннің алдында мен Роза Қуанышқызына "Салған әнім" деп аталатын авторлық әнімді бердім. Алла бұйырса, сүйікті әншіміз оны сахналарда орындайтын болады", - дейді ол.
Айдарбек Рысбек - әдемі дауысымен, лирика әндерімен танымал болған жас орындаушы. Әншіге осы айдан бастап Жанна Әбуова продюсер болады. Бұған дейін Айдарбек Рысбек продюсерсіз өнер көрсетіп келді.