Қазақстанның халық әртісі Роза Рымбаева Esquire Kazakhstan журналына ашық сұхбат беріп, күйеуі қайтыс болғаннан кейінгі өмірі мен отбасы туралы айтып берді.
Қазақстанның халық әртісі Роза Рымбаева Esquire Kazakhstan журналына ашық сұхбат беріп, күйеуі қайтыс болғаннан кейінгі өмірі мен отбасы туралы айтып берді.
Әншінің күйеуі 1999 жылы қайтыс болған. Роза Рымбаева ер адамдардың барлығын марқұм күйеуімен салыстырып келгенін айтады.
"Таныстардың ортасында жаңа адам пайда болатыны бар, араласа бастайсың. Бірақ ол адам өзің ойлаған деңгейге жетпейтінін түсінгенде, жай ғана дос болып қалатынбыз. Тамаша адамдар көп қой, олармен уақыт өткізу қызық болатын. Бірақ мен қалаған адам менен бірнеше саты жоғары тұру керек, мен оған көз салғанда төменнен биікке қарағандай болуым керек, марқұм күйеуіме қарағандай. Мен сияқты адаммен бірге болу қиын. Мені толық қабылдай алуы керек. Ондайды қайдан табамын? Ешбір қазақтың ер адамы өзін бұлай құрбан ете алмайды - бізде ер адам отбасының тіреуі болуы керек", - дейді Роза Рымбаева.
Әнші жұбын шетелден іздеуге тырыспағанын және ұлтаралық некеге бармайтынын айтты.
"Мұндайды елестете алмаймын. Мені ер адам 10 пайыз түсініп, қабылдауы керек. Ал ұлтаралық некеде мұндай болмайды. Немесе мен бір деңгей төмен түсіп, өзімді отбасына ғана арнауым керек. Ал мен ондайға дайын емеспін. Қасымда ер адамның жоғына аса алаңдамаймын. Мен өте жұмысбастымын және күйеуіммен бақытты болғаным соншалық, бір ғана естеліктердің өзі өмір бойына жетеді", - дейді әртіс.
Күйеуі қайтыс болғанынан кейін Роза Рымбаева екі ұлы Әли және Мәдимен қалды. Әнші ата-анасы көз жұмған соң марқұм күйеуінің екі жиенін өз қарауына алған.
"Ұлдарымның тәрбиесіне қатты мән бердім, босаңсытпадым. Мүмкін қатты кеткен де болармын - тым көп нәрсе талап ететінмін. Иә, олар дұрыс тәрбиемен өсті, бірақ, қазір ойласам, оларға еркіндік жетіңкіремеген сияқты. Олар үшін әрдайым уайымдап, қадағалап, бағыттап, ақыл-кеңесімді айтып отыратынмын. Балаларға еркіндікті көбірек беру керек сияқты, сонда олар ашыла түсетін бе еді, маған қарағанда, шығармашылық тұрғысынан. Мүмкін олай да емес шығар. Мүмкін олар тәртіпті, тәрбиелі, өзіне қатал болуы керек шығар. Тұқымнан сондай шығар", - дейді әнші.
Халық әртісінің сұхбатын толықтай Esquire Kazakhstan сайтынан оқи аласыздар.