"Ән авторлары одағы" республикалық қоғамдық бірлестігі қаламақы табыстау үшін құқық иелерін іздестіруде деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі.
"Ән авторлары одағы" республикалық қоғамдық бірлестігі қаламақы табыстау үшін құқық иелерін іздестіруде деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі.
Аталған қоғамның сайтында "Біз іздестіреміз" деген жеке айдар бар. Онда қаламақысы табыс етілуі тиіс ән авторлары мен авторы беймәлім шығармалардың тізімі беріліпті. Олардың арасында Алла Пугачева, Вячеслав Бутусов, Вера Брежнева, Виктор Цой, Бонн Скот, Александр Серов, Валерия, Дмитрий Маликов, Максим, Олег Газманов, Филипп Киркоров, Юлия Чичерина сынды әншілер де бар.
Сондай-ақ сайтта жиналған қаламақыны белгілеу мен оны алудың тәртіптері де көрсетілген.
"Егер сіз жарияланған шығарманың авторы болсаңыз, онда біздің қоғамның есеп бөлімінен өзіңізге тиесілі қаламақы көлемін біле аласыз. Қаламақыны алу үшін біздің қоғамның есеп бөліміне келуіңіз керек. Қолыңызда жеке басыңызды куәландыратын құжаттың болғаны жөн" делінеді хабарламада. Ал авторлар қауымдастығының мекен-жайы ретінде Шымкент қаласы көрсетілген.
Біз сұрастырғанда "Ән авторлары одағы" қоғамдық бірлестігіндегілер 2013 жыл үшін шетелдік авторларға қаламақы берілмегендігін жеткізді. Өйткені ғаламтор желісін пайдаланушылар көбіне автордың аты-жөнін дұрыстап көрсетпейді, ал кейбір жағдайда шетелдік құқық иелері белгісіз боп жатады.
"Біздің қоғамның сайтында іздестіріп жатқан, қаламақы бөлінген құқық иелері туралы мәлімет орналасқаны рас" дейді олар.
"Ән авторлары одағы" бас директорының орынбасары Арман Ігліұлы қолданыстағы нақты бір шығарманың авторы немесе құқық иесі боп табылатындығын растау үшін шетелдік авторлар қоғамдарына арнайы сауал хат жолдағандарын айтады.Оған әзірге тек Ресейдегі әріптестері жауап қатыпты. Олар ресейлік авторлармен барлық қарым-қатынасты Қазақстан авторлар қоғамымен құруға кеңес бергендерін жеткізіпті.
"Біз қазір олармен бөлінген қаламақыны шотқа аудару үшін келіссөз жүргізіп жатырмыз" дейді Арман. Алайда ол бұл арада қаламақы сомасын атай алмайтынын баса айтты. "Бұл - құпия мәлімет" деді ол. Ән авторлары одағына ақша аударушылар арасында белгілі бір әнді пайдаланған телеарналар, кафе мен мейрамханалар да бары белгілі боп отыр.
Қоғамның сайтында телерадио хабарларын таратушыларға, кабельдік және спутниктік телеарна жетекшілеріне, провайдерлерге, кафе, бар, мейрамхана, түнгі клуб, сауда орталықтары, қоғамдық орындар, театр, филармония, оқу орындары иелері мен оны жалға алушылар атына қаратылып айтылған сөз бар.
"Қорғалатын авторлық құқық объектілері күнделікті пайдаланылып, орындалып, көшірмеленіп беріліп жатыр. Алайда көбісі авторлық құқық объектілерін пайдаланғаны үшін авторлық сыйақы төлеу қажет екенін білмейді" делінеді онда. Сөйткен Авторлар қоғамы оларға лицензиялық шартқа отыруды ұсынады.
"Әнді пайдаланушымен сыйақыны төлеуге байланысты міндетін орындаудан бас тарту кезінде, ол іс-әрекеттер (әрекетсіздік) Авторлық және сабақтас құқықтар заңнамасының 48-бабын бұзу деп есептеледі, және оларға қатысты ҚР заңнамасында азаматтық, әкімшілік және қылмыстық жауапкершілік көзделінген" делінеді хабарламада.
"Ән авторлары одағы" 2013 жылы қазақстандық тұтынушылар тарапынан аударылған 3 миллион 248 мың 56 теңгені қазақстандық авторларға төлегендігі белгілі боп отыр.
Еске сала кетелік, бүгінгі таңда Қазақстанда шамамен 8 авторлар қоғамы жұмыс істейді. Олардың қызметі бірнеше рет дауға ілінген болатын. Олардың кейбірі бір-бірін өзара бәсекелестікте қаралыққа барды деп айыптаған. Тіпті, бірде авторлар қоғамының жекелеген өкілдері Әділет министрлігінде нағыз төбелес ұйымдастырып, ақыры оларды сол араға кейіннен мәселелерін реттеуге арнайы шақыруға тура келген.