Шымкенттік 25 жастағы Нұх Қалдыбай Қазнетті ерекше туындыларымен таңғалдырды. Ол қазақ ақындары өлеңін қазіргі танымал әртістердің әуенімен әрлейді. Сондай-ақ, шетелдік әндерді қазақ тіліне аударады, өзі ән айтады.Tengrinews.kz тілшісі жас музыкантпен сөйлесіп, қызығушылығының неден туғанын білді.
Шымкенттік 25 жастағы Нұх Қалдыбай Қазнетті ерекше туындыларымен таңғалдырды. Ол қазақ ақындары өлеңін қазіргі танымал әртістердің әуенімен әрлейді. Сондай-ақ, шетелдік әндерді қазақ тіліне аударады, өзі ән айтады.Tengrinews.kz тілшісі жас музыкантпен сөйлесіп, қызығушылығының неден туғанын білді.
Ұлыбританиялық әнші Billie Eilish стиліндегі әуенге Абай Құнанбаевтың "Ауру жүрек ақырын соғады жай" өлеңі айтылған видео Instagram-да жүз мыңнан аса қаралым жинаған. Нұх Қалдыбайдың тағы бір видеосы - сол әншінің Lovely әнінің қазақ тіліне аудармасы TikTok-та танымал болды.
Посмотреть эту публикацию в Instagram
Tengrinews.kz тілшісіне берген сұхбатында Нұх Қалдыбай мұндай аралас туындыларды жасауының себебі жасөспірімдер арасында қазақ тіліне қызығушылықты арттыру үшін екенін айтты. Музыканттың өзі Мұқағали Мақатаев, Абай Құнанбаев, Жамбыл Жабаев, Қадыр Мырза Әлі мен Мұхтар Шахановтардың шығармашылығымен әуестенеді.
"Менің атам Қалдыбай өңірге танымал жыршы болған. Сол кісіден дарыған болар. Ал ата-анам бала кезімнен домбыра мен вокал үйірмесіне апарып, өнерге баулыды.
Мен өлеңдерді тек өз талғамыма сай таңдаймын. Әуен жазып жүргеніме біраз уақыт болды, оны үлкен аудитория тыңдағанын қалаймын. Менің басты міндетім - ана тілімізді таныту", - деп бөлісті музыкант.
Нұх алты жасынан бастап ән айтады. Домбыра, гитара және баянда ойнайды. Ол әлеуметтік желілердегі барлық танымал әндерді қазақ тіліне аударып, өңдеп шығарады. Жігіт 16 жасынан әуен жазатын бағдарламалармен қызығатынын айтты. Қазір ол 25 жаста және дыбыс әрлеуші болып жұмыс істейді. Ал бос уақытында қазақ тілінде әндер жазады.
Басында әлеуметтік желіде қарапайым әндерді таратып, содан кейін оны түрлендіруді ұйғарған. Осылайша, жаңа ой пайда болды.
"Бір ай бұрын осы форматты түсіріп, оны желіде жарялай бастадым. Алдымен күніне екі-үш видео түсіріп жүрдім. Қазір жұмысым болғандықтан күн сайын бір видео болсын шығаруға тырысамын", - деді ол.
Қазір Нұхтың 30 мыңнан аса тыңдаушы бар. Ол батыс эстрадасын ғана емес, қазақстандық әншілерді де тыңдайтынын айтты.
"Менің сүйікті орындаушыларым - Айқын, Argonya, "Жігіттер квартеті" және "Музарт". Менің арманым - Argonya-мен бірлесіп ән жазу", - деді ол.
Болашақта музыкант авторлық әндер шығаруды жоспарлап отыр.
"Мен бұл форматты жалғастырып, оларды дамытуды, қызықты тәжірибелер жасауды жоспарлап отырмын. Сонымен қатар, жеке шығармашылықпен де айналысып жатырмын", - деп түйіндеді ол.
Сілтемесіз жаңалық оқисыз ба? Онда "ВКонтакте" желісінде парақшамызға тіркеліңіз!