Стамбұлда өтетін Turkvizyon-2015 конкурсында Қазақстанның атынан "Орда" тобы шығады, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі.
Стамбұлда өтетін Turkvizyon-2015 конкурсында Қазақстанның атынан "Орда" тобы шығады, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі.
Turkvizyon-2015 ұлттық кезеңінің финалдық туры Бейбітшілік және келісім сарайында 6 қарашада өтті. Жеңімпаз смс-дауыс беру жолымен тікелей эфирде таңдалды. Айта кетейік, "Орда" тобы 2015 жылы 15 жылдық мерейтойын атап өткен болатын. Дастан Оразбеков, Нұрлан Алымбеков, Ерболат және Есболат Беделхандар өз әндерін өздері жазып, хореографиясын қояды.
Ұлттық финалға Ардақ Алекешев, Альбина Оганесян, Азамат Бекбергенов, "Арай" тобы, AIBOO, Бауыржан Ретбаев, Бейбіт Қошкалиев, Гүлмира Жұмабекова, Диас Аблаев, Ерген Айтымбетов, Қамар сұлу, Мархаба Сәбиева, Райым Уайыс, Руслан Бердіматов, Рүстем Жүгінісов, "Сарын" тобы, Ханайым қатысты.
Еске сала кетейік, 2014 жылы қазақстандық әнші Жанар Доғалова Turkvizyon конкурсының жеңімпазы атанған болатын. Ол кезде конкурс Қазан қаласында өтті. Жанар Доғалова "Ізін көрем" әнімен өнер көрсетіп, 225 балл ұпай жинады. Turkvizyon - "Евровидение" байқауының түркі әлеміне арналған баламасы. Байқаудың аудиториясы 300 миллион адамнан асады. Turkvizyon ең алғаш рет 2013 жылы Түркияның Ескішаһар қаласында өтті. Оған 24 елдің өкілі қатысты. Қазақстанның атынан бақ сынаған Rin'Go тобы финалдың қорытындысы бойынша тоғызыншы орын алған еді.