Ақтаулық блогер Каспий теңізінің 10 жыл ішінде қалай өзгергенін көрсетті, - деп хабарлайды Tengritravel.kz тілшісі. Кадрлардан судың жағалаудан айтарлықтай қашықтағанын көруге болады.
Бейнежазба авторы Нүркен Тәжібайдың айтуынша, кадрларда Ақтаудағы "Шағала" санаторийі маңындағы жағалау бейнеленген. 10 жыл бұрын түсірілген бейнежазбадан пирсті байқауға болады. Ал қазіргі кадрларда бұл пирс жоқ, оның орнында құрғап қалған жағалау көрінеді.
"Мен Ақтауда дүниеге келдім, қазір 40 жастамын. Бұл орынды бала кезімнен жақсы білемін. Бұрын бұл құмды жағажай болатын. Біз бала күнімізде осы пирстен суға секіретінбіз. Жаз мезгілінде достарымызбен осы жағажайда жиі уақыт өткізетінбіз. Қазір теңіз жағалаудан 100 метрден астам қашықтаған. Ол жерде қазір ешкім шомылмайды, жағажай мүлде жоқ", – дейді Нүркен.
Блогердің айтуынша, қазіргі Каспий теңізінің жағдайы ақтаулықтарды алаңдатып отыр.
"Бұл мәселе туралы бұрыннан бері дабыл қағылып келеді. Бізге су қайта оралады деп айтады, бірақ бұл екіталай. Теңіздің қайтып келмейтінін көрсететін көптеген факторлар бар. Әрине, бұл бізді алаңдатады. Мен Каспий Арал теңізінің тағдырын қайталай ма деп қорқамын. Егер теңіз тартылып кетсе, экологиялық апат болуы мүмкін. Судың жоқтығынан қала да қаңырап бос қалуы мүмкін", – деп алаңдаушылығын білдірді Нүркен Тәжібай.
Еске салайық, жақында экологтар дабыл қақты. Олардың пікірінше, Каспий теңізі Арал теңізінің тағдырын қайталауы мүмкін. Климаттың өзгеруі, бақылаусыз өндірістік қызмет және антропогендік әсердің жеткіліксіз реттелуі өңірдің бірегей экожүйесіне қауіп төндіреді.
Саяхат қызықтары мен пайдалы ақпаратты Instagram және Facebook парақшаларынан оқи аласыз!