Әлемдік авиацияда ұшақтарға жеке атау беру дәстүрі бұрыннан бар. Көбіне бұл есімдер лайнердің тұмсық бөлігінде, авиакомпания логотипі мен тіркеу нөмірі тұсында жазылады. Жолаушылар үшін бұл жай ғана қызықты деталь болуы мүмкін, бірақ әуе тасымалдаушылары үшін мұндай атаулар - өз тарихы, мәдениеті немесе құндылықтары туралы сыр шертудің бір жолы, деп хабарлайды Tengri Travel.
Кейінгі апталарда қазақстандықтар ұшақ бортындағы есімдерге назар аударып, олардың кімге арналғанын білгісі келе бастады. Редакция бірнеше авиакомпанияның баспасөз қызметіне хабарласты. SCAT, Air Astana және Vietjet Qazaqstan компаниялары өз паркінде есім берілген ұшақтар жоқ екенін хабарлады. Ал FlyArystan әуе компаниясы бұл дәстүрді белсенді дамытып жатқандарын айтты.
Қазақстандық ұшақтар кімдердің есімімен аталады?
Авиакомпания өкілдері бүгінде ұшақтарға есім беруде екі негізгі тәсіл қолданылатынын түсіндірді.
Лайнерлердің бір бөлігі танымал қазақстандықтардың құрметіне аталған. Олардың қатарында Amangali, Roza, Hiuaz, Gaziza және Manshuk бар. Бұл ұшақтардың әрқайсысы ел тарихы мен мәдениетінде өшпес із қалдырған тұлғаларға арналған.
"Roza ұшағы - аңызға айналған қазақ әншісі Роза Бағланованың, Manshuk - Кеңес одағының батыры атағын алған алғашқы қазақ қызы Мәншүк Мәметованың, Gaziza - композитор Ғазиза Жұбанованың, ал Hiuaz - Екінші дүниежүзілік соғыс кезіндегі аты аңызға айналған ұшқыш Хиуаз Доспанованың құрметіне аталған", - деп хабарлады компания.
Фото: Threads/@kanatbaikyzy.m, Threads/@dina.richi, Threads/@gulaiym.akk
Авиакомпания FlyArystan-ның алғашқы ұшақтары Manshuk, Roza және Gaziza Air Astana-дан осы атауларымен өткенін нақтылады. Кейін бұл дәстүр лоукостердің өзінде жалғасқан.
"Amangali борты авиациялық механик болудан Airbus A320 екінші ұшқышына дейінгі жолды өткен ұшқыш Аманғали Өзгелдиевтің құрметіне аталды", - деді компания өкілдері.
Уақыт өте келе бұл тәсіл ауқымы кеңейіп, көптеген жаңа ұшаққа жұлдыздар мен шоқжұлдыздардың есімі беріле бастады. Олардың ішінде - Leo, Aquila, Orion, Apus, Delphinus, Hercules, Pyxis, Sagitta, Draco, Vega, Rigel, Spica, Capella, Antares, Polaris, Sirius және Atlas бар.
"Мұндай таңдау кездейсоқ емес: ғасырлар бойы дәл осы жұлдыздар мен шоқжұлдыздар саяхатшылар үшін маңызды бағдар болып, жол салуға және дұрыс бағытты табуға көмектескен. Мысалы, ұшақтардың бірі Үркер шоқжұлдызындағы жарық жұлдыздың құрметіне Atlas деп аталды, бұл сенімділікті, күшті және биікке ұмтылысты білдіреді. Тағы бір борт түнгі аспандағы ең жарық жұлдыз Сириустың (Sirius) құрметіне аталды, оның жарықтығы Күннен 25 есе артық", - деп түсіндірді баспасөз қызметі.
FlyArystan бұл тәжірибені алдағы уақытта да жалғастыруды жоспарлап отырғанын жеткізді. Әуе паркі кеңейген сайын жаңа ұшақтарға тиісті есімдер берілмек.
Әлемдік тәжірибе
Ұшақтарға есім беру жаңа құбылыс емес. Авиацияда бұл тәжірибе ондаған жыл бойы қолданылып келеді. Мысалы, нидерландтық KLM әр жылдары ұшақтарына қалалардың, өзендердің, ұлттық парктердің, зерттеушілер мен танымал әйелдердің есімдерін берген. Лайнерлердің арасында Marie Curie, Florence Nightingale және Audrey Hepburn сияқты атаулар болған.
Turkish Airlines ұшақтарына түрік қалалары мен көрікті жерлерінің атаулары беріледі, мысалы, Istanbul, Göreme немесе Қара теңіз деген мағынаны білдіретін Karadeniz.
Hawaiian Airlines теңіз құстары мен шоқжұлдыздардың атауларын, Aer Lingus ирландиялық әулиелердің есімдерін қолданады, ал Scandinavian Airlines (SAS) көптеген жыл бойы "викингтік" тақырыпты сақтап келеді: компанияның әрбір ұшағына Viking қосымшасы бар есім беріледі.
Фото: depositphotos.com
Кейбір тасымалдаушылар бұған әзілмен қарайды. Мысалы, Virgin Atlantic авиакомпаниясынан Tubular Belle немесе Barbarella сияқты атаулары бар ұшақтарды кездестіруге болады.
Жеке сипаттағы мысалдар да кездеседі. Мысалы, DHL-де әріптестерін еске алу мақсатында борттардың біріне қаза тапқан ұшқыштың есімі берілген. Ал United Airlines-та ұшақтарға компаниямен ең көп миль ұшқан ең адал жолаушылардың есімдерін беру кезеңі болған.
Тағы оқыңыз: Танымал ұлттық аспаптарды ұшақ салонында тегін тасымалдауға рұқсат етілмек: бірақ шарттары бар.