320 бағамы бойынша теңгемен депозит салған қазақстандықтар доллар бағамы 359 теңге шамасында болса ғана шығынға батады. Бұл туралы экономист Ғалым Құсайынов Tengrinews.kz тілшісіне берген сұхбатында айтты.
320 бағамы бойынша теңгемен депозит салған қазақстандықтар доллар бағамы 359 теңге шамасында болса ғана шығынға батады. Бұл туралы экономист Ғалым Құсайынов Tengrinews.kz тілшісіне берген сұхбатында айтты.
Ол доллар және теңге бойынша салымдар айырмашылығы 12 пайыз (теңге бойынша түсім 14 пайыз, ал доллар бойынша 2 пайыз) екенін түсіндірді.
"Сәйкесінше адам шығынға батпас үшін девальвация көлемі жылына 12 пайыздан аспауы керек. Егер қазір бағам 330 болса, құнсыздану көлемі 40 теңге болуы қажет. Басқаша айтсақ, бір доллар үшін 370 теңге шамасында. Былтыр бағам 340 болған кезде ауысып кеткендер 380-390 болса да табыс көреді. Ал 310 кезінде ауысқандардың табалдырығы 341 теңге. Бірақ бағам 310 теңге көлемінде ұзақ тұрған жоқ, сондықтан оны негізге алмаса да болады", - дейді маман.
Оның айтуынша, биыл орташа бағам 320 болды, яғни, доллар бағамы 359 теңге болса ғана шығын туралы айтуға негіз бар. Сонымен бірге, ол инфляцияның теңге бағамына қалай әсер ететінін түсіндірді.
"Әдетте инфляция техникалық дамуға байланысты болады. Мәселен, дамыған елде технологияның дамуына байланысты белгілі бір тауар арзандаса, дамымаған елде ол тауар бәсекеге қабілетсіз болып қалады. Оны бәсекеге қабілетті ету үшін еңбек өнімділігі қаржылай түрде теңесу керек, бұл өз кезегінде еңбек ресурстарының арзандауы арқылы ғана мүмкін. Осылайша, дамымаған елде валютаның құлдырауы болады. Бұл сауда балансы арқылы жүреді. Дамыған елдің тауары дамымаған елге келіп, сауда балансы ажырап, валютаға қысым түседі. Енді импортты шектеу үшін валюта құнсызданады. Егер ұзақ мерзімді аспектіден қарайтын болсақ, Қазақстанда ұқсас жағдай болып жатыр", - дейді Құсайынов.
Сонымен қоса, Ресейдегі жағдай да теңге бағамына әсер етіп жатыр екен.
"Ресей Федерациясы Қазақстанның ең маңызды сауда-саттық серіктесі. Сондықтан рубль құлдырап, теңге тұрақты тұрса, бұл елдің төлем балансына әсер етеді. Ресейдің арзан тауары Қазақстанға ағыла бастайды. Бұл рубльдің теңгеге әсер етуінің негізгі тұсы деп ойлаймын", - деп жазыпты маман.