Кешелі бері Ресейдің Еуропадан келетін бірқатар азық-түлік импортына тыйым салынғаны талқыланып жатыр. Алдағы уақытта көрші ел бір жылға дейін Австралия, Канада және Норвегиядан сиыр етін, шошқа етін, көкөніс, құс етін, ірімшік пен сүт өнімдерін импорттамайды. Бұл тізім шыға салысымен-ақ Ресейдің экономикалық даму вице-министрі Алексей Лихачев бастаған шенділер тыйым салынған импортты енді немен алмастыратындарын, импорттың орнын қайтіп толықтыратынын қайта-қайта мәлімдеді.
Кешелі бері Ресейдің Еуропадан келетін бірқатар азық-түлік импортына тыйым салынғаны талқыланып жатыр. Алдағы уақытта көрші ел бір жылға дейін Австралия, Канада және Норвегиядан сиыр етін, шошқа етін, көкөніс, құс етін, ірімшік пен сүт өнімдерін импорттамайды. Бұл тізім шыға салысымен-ақ Ресейдің экономикалық даму вице-министрі Алексей Лихачев бастаған шенділер тыйым салынған импортты енді немен алмастыратындарын, импорттың орнын қайтіп толықтыратынын қайта-қайта мәлімдеді.
Сөйтіп, Ресей қазір импорттың орнын немен толтыратынына бас қатырып отыр. Ал отандық мамандар "әрине, 140 млн халқы бар Ресейдің импортты алмастыратын бағдарлама тетігін бұдан бұрын да ойластырып қойғаны түсінікті. Дегенмен Ресей мен Украина арасындағы шиеленістен кейін қазіргі ахуал ауаны өзгерді. Сондықтан Ресей болашақта өз халқын ашқұрсақ етіп алмауы үшін жаңа бағдарламалар тетігін ойластыруы тиіс", - дейді. "Алаш айнасы" импортты алмастыратын өзіміздің отандық бағдарламаның кем-кетігін тізбелеп көрді.
Пайда көлемі арта ма, толастай ма?
Ресейдегі қалыптасқан экономикалық ахуалға қарап бүгінде отандық сарапшыларымыздың пікірі екіге жарылды. Олардың қайсыбірі "бұл жағдай Қазақстан сауда экономикасына оң өзгеріс әкеледі. Бұрын Ресей "Еуропадан аламыз" деп біздің сүт өнімдерін, ірімшігімізді, балық өнімдерін консервіленген азық-түлік түрлерін менсінбейтін. Мұндайдан соң олар бізден өздері сұрай бастайды. Осы сәтте біз оларға тауарларымызды жөнелтіп пайдаға батамыз" дейді. Дегенмен, қарсы тараптың бұған қатысты өзіндік пікірі де жоқ емес. Мысалы, экономист-сарапшыларымыздың біразы мұндайда ішкі нарықты отандық өніммен жарылқай алмай жатқанымызды ұмытпау қажеттігін алға тартады.
"Бір ғана химия өнеркәсібін алайықшы, өткен жылы Қытайдан Қазақстанға тасымалданған химия өндірісінің өнімдері 22 пайыздан асып жығылса, Ресейден тасымалданатын өнімдер 42,8 пайыздың мөлшерін құрапты. Бізде сырттан келетін импортты өзіміздің отандық импорт алмастырғышпен алмастыруға қарым да, қабілет те бар. Үкімет жыл сайын отандық импорт алмастырғыш өндірісті қолдап-қолпаштау қажеттігін қаузайды. Ал біздегі бақылаушы органдар, керісінше, шеттен келетін импортқа иек артқанды жөн санайды. Өзгенің импортына қызығамыз деп жүріп, өзіміздің отандық өндірісті назардан тыс қалдырып алдық. Өз басым тіпті "отандық өнім жасауға қаншама қаржы шығындағанша, сол қаржыға шетелден дайын өнім сатып алсақ қайтеді" деген ұсыныстарды да құлағым шалды. Ал күні ертең Ресей мен Қытай "өзіме де жетпей жатыр, қажетіңді өзің тап" десе қайтеміз? Осы жағына назар аударатын кезең әлдеқашан жетті. Сондықтан бірінші кезекте бізде химия өнеркәсібін жолға қою керек", - дейді экономист Жаңабай Алдабергенов.
Мұнай химиясына мүлде мән берілмеуде
Жалпы, отандық мамандардың қайсыбірінің пайымдауынша, "қазақтың химия өнеркәсібінің әлеуеті Ресей химия өнеркәсібінен бірде-бір кем емес. Тек осы салаға мемлекеттік тұрғыда дем берсек болды.
Химия ғылымының докторы, профессор Хакім Суербаев бұл жөнінде былай дейді: "Біз мұнай қорымыздың молдығы жағынан әлемдегі мұнайлы деген 15 мемлекеттің қатарына енеміз. Ойлап қарасақ, қазір әлем елдерінің басым бөлігі мұнайдан тұрмысқа қажетті заттар алудың шеберіне айналып жатыр. Біле-білсеңіз, мұнайдан кір жуғыш заттар, әртүрлі пластикалық заттар, кеңсе заттары, үй жиһаздарына дейін алынады. Мұнай химиясын жетік меңгерген елдер шикі мұнайды терең деңгейде ұқсатып отыр. Ал біз шикі мұнайды сыртқа сатқанымызға ғана мақтана аламыз. Бүкіл әлем қазірде мұнай шикізатынан алынатын өнім көрсеткішін 92-94 пайызға дейін жеткізуге талпынып жатыр. Біз, керісінше, өндіретін мұнайдың 90 пайызын шикі күйінше экспорттап, мұнай шикізатының азғана бөлігін мотор отындары мен дизельді отын ретінде қолданып жатырмыз. Оның өзінде отандық тұтынушыларды аталмыш өнімдермен толықтай қамтамасыз етуге қабілетіміз жеткіліксіз. Негізінен, дамушы және дамыған елдерде мұнай өңдеу зауыттарының қасында міндетті түрде мұнай химия өндірісі болады. Осы өндіріс орындары арқылы олар мұнайдан қосалқы өнім алады. Ал біздегі Атырау, Шымкент, Павлодар мұнай өңдеу зауыттары тек қана мотор отындарын шығарғанның өзінде халықты сапалы жанар-жағармаймен, дизельді отынмен қамтамасыз ете алмай отырған жоқ па? Меніңше, отандық импорт алмастырғыш бағдарламасына осы жайттарды міндетті түрде енгізу қажет. Мұнай химиясына мән берілмесе халыққа қажетті заттарды өзгеден сұраудан арылмаймыз."
Материалдың толық нұсқасын "Алаш айнасынан" оқи аласыздар.