Парламент Мәжілісі "Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Ресей Федерациясының Үкіметі арасындағы Қазақстан Республикасының аумағы арқылы Қытай Халық Республикасына ресейлік мұнайды тасымалдау саласындағы ынтымақтастық туралы келісімді ратификациялау туралы" заң жобасын мақұлдады. Келісімнің мақсаты ресейлік мұнайды Қазақстан аумағы арқылы Қытайға тасымалдау үшін жағдай жасау болып табылады. Бұл туралы Tengrinews.kz тілшісі хабарлады.

"Келісім ресейлік мұнайды жылына 7 млн тонна көлемінде ұзақ мерзімді тасымалдауы үшін жағдай жасайды, дегенмен бұл мүмкіндікті алдағы уақытта жылына 10 млн тоннаға дейін жеткізу көзделеді. Бұл ретте келісім бойынша Омбы (Ресей) - Ертіс (Қазақстан) - Атасу (Қазақстан) - Алашанькау (ҚХР) тасымалдау бағыты бойынша магистральдық құбырлар жүйесіне қол жеткізу құқығын қамтамасыз етеді", - деді Мұнай және газ министрі Ұзақбай Қарабалин Мәжілістің жалпы отырысында.
Оның айтуынша, келісімнің негізгі ережелері бойынша мұнай тасымалдауға арналған тариф бес жылға бекітіледі. "Мұнайды тасымалдау бағыты бойынша тасымалданған мұнайдың әрбір тоннасы үшін төлем АҚШ долларымен есеп айырысу қарастырылады. Қазақстан тарапы тасымалдау бағыты бойынша мұнайды тасымалдау жөніндегі қызметтерге нөлдік мөлшерлеме бойынша қосылған құн салығын салуды көздейді", - дейді Мұнай және газ министрі.
Тоқтала кететін жайт, құжатты талқылау барысында депутат Тұрсынбек Өмірзақов тасымалдау тарифіне қатысты мәселе көтерді. "Біздің еліміздегі тұрғын үй коммуналдық шаруашылығы саласында тарифтерді бір жыл бойы ұстап тұруға шамамыз жетпей отыр. Ал мына келісімде ресейлік мұнайды тасымалдау құны бес жылға дейін өзгермейді. Бұл қалай?" - деді депутат Т.Өмірзақов.
Өз кезегінде министр Ұзақбай Қарабалин тариф мәселесінің бірнеше мәрте қаралғанын және бұл қос тарапты да қанағаттандыратын тариф екенін атап өтті. "Бұл бірегей тариф және бес жыл бойына сақталады. Айта кетейін, мұндай келісім бірінші рет жасалып отырған жоқ, газ мәселесінде де дәл осындай ұзақмерзімді тариф бар. Ондай тәжірибе тұрақтылықты білдіреді",- деді ол.
Мәжіліс мақұлдаған заң жобасы Парламент Сенатына жолданады.