Қазақстанда ЕАЭО елдерінен әкелінген қандай автокөліктердің тіркеуге алынбайтыны белгілі болды, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі ҚР Инвестициялар және даму министрлігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Қазақстанда ЕАЭО елдерінен әкелінген қандай автокөліктердің тіркеуге алынбайтыны белгілі болды, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі ҚР Инвестициялар және даму министрлігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Баспасөз қызметінің мәліметінше, ертеңнен, яғни 26 мамырдан бастап "Қазақстан Республикасының автомобиль жолдары бойымен қозғалуға арналған автокөлік құралдарының рұқсат етілетін өлшемдерін бекіту туралы" бұйрығы күшіне енеді. Басқа параметрлермен қоса бұйрыққа автокөлік құралдарының шығарындылар нормативінің төртінші экологиялық сыныпқа сәйкестігі, қауіпсіздіктің қосымша жүйелерінің, атап айтқанда жүргізушілердің қауіпсіздік жастықтарының, балаларға арналған автокреслоларды бекітілу құрылғыларының, күндізгі қозғалыстағы жарықтың және тежегіштердің антиблокировкалық жүйесінің болуы жөнінде талаптар енгізілген. Енді Еуразиялық экономикалық одақ елдерінен әкелінетін автокөлік құралдары осы бұйрық талаптарына сәйкес келмесе, олар Қазақстанда тіркеуге алынбайтын болды.
"26 мамырдан бастап бұл талаптарды (2017 жылғы 1 қаңтардан бастап енгізілетін күндізгі қозғалыстағы жарықтың болуы жөніндегі талаптан өзгесі) ішкі істер органдарының қызметкерлері автокөлік құралдарын бастапқы тіркеу барысында бақылайтын болады", - делінген министрліктің хабарламасында.
Айта кетейік, бұл талаптар Кеден одағының "Доңғалақты көлік құралдарының қауіпсіздігі туралы" техникалық регламентінде ескерілген. Алайда ол талаптар тек үшінші елдерден әкелінетін автокөлік құралдарына ғана қатысы бар болатын. Бұл бұйрықтың енгізілуіне байланысты олар Қазақстан аумағына Кеден одағына мүше-елдерден әкелінетін автокөлік құралдарына да тікелей қатысты болды.