Әлемдік экономиканың құлдырап, қаржы дағдарысының тууына себепші болған мұнай саласындағы соңғы жаңалықтар дүйім жұртты дүр сілкіндіргені анық. Нақтырақ айтқанда, мұнай бағасы жуық арада 20-30 пайызға дейін көтеріліп, кризис атаулы артта қалады деген болжамдар мұнай экспорттаушы елдер үшін жағымды жаңалық болғаны белгілі. Қазірдің өзінде әлемдік БАҚ пен экономика саласының мамандары өз болжамдарын жарыса жазып, ой таластырып жатыр.
Әлемдік экономиканың құлдырап, қаржы дағдарысының тууына себепші болған мұнай саласындағы соңғы жаңалықтар дүйім жұртты дүр сілкіндіргені анық. Нақтырақ айтқанда, мұнай бағасы жуық арада 20-30 пайызға дейін көтеріліп, кризис атаулы артта қалады деген болжамдар мұнай экспорттаушы елдер үшін жағымды жаңалық болғаны белгілі. Қазірдің өзінде әлемдік БАҚ пен экономика саласының мамандары өз болжамдарын жарыса жазып, ой таластырып жатыр.
Мысалы, ОПЕК-тің Кувейттегі өкілі Мұхаммед аш-Шатти егер экспорттаушылар кездесу ұйымдастырып, өндіріс көлемін азайту жөнінде шешім қабылданса, жақында мұнай бағасының 20-30 пайызға дейін көтерілетінін айтты. Ал PRICE Future Group фирмасының энергетика мәселелері жөніндегі жетекші сарапшысы Фил Флинн биыл шілде айында мұнайдың әр баррелінің бағасы 70 долларға жететітін және тарихтағы ең ауыр дағдарыстардың бірінің артта қалатынын мәлімдеді. Айта кетейік, осыдан бір-екі күн бұрын шетелдік ақпарат құралдары АҚШ-тың мұнай шығару көлемін едәуір төмендететіні және ОПЕК мүшелерінің наурыз айының соңында Ресейде бас қосып, өндіріс көлемін азайтып, бағаны көтеру жөнінде келісімге келетіні жайлы хабарлаған болатын.
Біздің елдегі ахуалдың да әлемдік экономикалық дағдарысқа байланысты күрделене түскені белгілі. Экономикамыздың бойына қан жүгіртетін салалардың бірі де бірегейі мұнай экспорты болғандықтан, бұл жағымды жаңалықтар мен болжамдар біздің елдегі әлеуметтік ахуалға қандай өзгеріс әкеледі деген сұрақты туындатты. Осыған байланысты қазақстандық экономист, қаржыгер мамандардың өзіндік болжамдарын тыңдап көрдік.
Экономика ғылымының докторы, академик Оразалы Сәбденнің айтуынша, шетелдік мамандардың болжамына сену қиын. Себебі бұл жаңалықтардың барлығында саяси астар бар.
"Шетелдік сарапшылардың болжамы бойынша, биыл жазға қарай мұнай баррелінің бағасы 50 долларға дейін көтеріледі. Бірақ менің ойымша, бұл болжам нақты емес. Себебі бұл мәселелердің барлығы АҚШ-қа байланысты болып тұр. Біріншіден, Америкадағы мұнай кен орындары бірінен кейін бірі қиын жағдайға тап болып жатыр. Екіншіден, бұл жағдайдың саяси астары бар. Яғни ол Ресей мен АҚШ арасындағы қарым-қатынасқа байланысты. Менің оптимистік көзқарастарға қосыла алмау себебім де осында", - деді экономист.
Оның пікірінше, егер Ресейдің жағдайы бұдан әрі де қиындай беретін болса, біздің жағдайымыз мәз болады деп айту қиын. "Біздің ахуал мұнай мен газға байланып тұр. Ал егер расымен де мұнайдың бағасы 50-60 долларға дейін көтерілсе, әрине ұлттық валютамыздың құны артып, жылжымайтын мүлік саласында оң өзгерістер болар еді", - дейді ол.
Сарапшының айтуына қарағанда, егер мұнайдың бағасы көтерілсе ұлттық валютамыздың құны тұрақтайды, ал 30 доллар көлемінде қалса, ол тіпті құлдырауы мүмкін. "Қазір Ұлттық банк теңге бағамын қалайда ұстап тұруды көздеп, интервенция жүргізіп отыр. Егер мұнайдың әр баррелі 30 долларға немесе сәл жоғары бағаға бағаланса доллар қайтадан 380 теңге болуы мүмкін деп ойлаймын. Жалпы қазіргі таңда доллар бағасының сәл де болса төмендеуі еліміздегі саяси шаралармен байланысты деп есептеймін", - деді Сәбден.
Ал халықаралық адам капиталы институтының президенті, экономист Жанұзақ Әкім бұл жағдайды саясатпен байланыстырмады. Оның ойынша, мұнайдың қымбаттауына АҚШ-тың өзі де мүдделі. Себебі баға күрт түскенде олар да банкротқа ұшырады.
"Мұнайдың арзандауы ешкімге де пайдалы емес екені байқалды, сол үшін де экспорттаушылардың барлығы да бағаның көтерілуіне мүдделі әрі соны қалап отыр деп ойлаймын. Дегенмен баға бірден 70 долларға дейін көтеріледі деуге негіз жоқ сияқты. Себебі бұрын ол 115 долларға дейін көтерілген болатын", - деді ол.
Ал ішкі нарыққа қатысты пікірін айтқан маман еліміздегі жанармайдың бағасына баса назар аудартты. Оның айтуынша, шетелде мұнай бағасы түссе, жанармай да арзандайды. Ал бізде мұнай арзандаса да монополистердің кесірінен жанармай бағасы өзгерген жоқ.
"Жанармайдың бағасы мұнай 100-115 долларға бағаланғанда белгіленген межеде тұр. Қазір мұнай баррелі 30-35 доллар болса, яғни екі-үш есеге арзан, ал жанармай бұлай арзандаған жоқ. Сондықтан бұл салада енді өзгеріс бола қояды деу қиын. Ал ұлттық валютаға қатысты айтатын болсақ, егер баррельдің бағасы 50 долларға дейін көтерілсе, доллардың бағасы тым болмағанда 250 теңгеге дейін түсуі керек болады. Ал баспананың бағасы валюта бағамына тікелей байланысты болып отырғаны белгілі", - деді маман.
Ал қаржыгер маман Ілияс Исаевтың айтуынша, таяу арада қандай жағымды өзгеріс болса да оның отандық нарыққа пайдасы жоқ. Сондықтан, жақын күндері доллар арзандап, жылжымайтын мүлік қолжетімді бола түседі деп ойлау жаңсақтық.
"Ұлттық валютаның бағамын мұнайдан түскен қаржымен байланыстыруға болмайды. Егер біздің экономикамыз мұнайдан түскен ақшаға, шикізат экспортынан түскен қаржыға тәуелді болса мемлекеттік бюджет, ұлттық қор зардап шегеді. Көріп отырғанымыздай, біз ұлттық қорға қол салып, маңызды болса да жобаларды қысқартып, мемлекеттік бюджетке үнем келтіріп жатырмыз. Сондықтан да жалғыз мұнайға сеніп отыра беруге болмайды. Маман ретінде айтарым, мұнай тауар емес, ол дамушы елдерді ақсататын қаржы инструменті", - деді сарапшы.
Оның айтуынша, Қазақстан экономиканың түрлі саласын дамытуға қолайлы ел. Сондықтан экономиканы дамыту үшін ұзақ мерзімді дамудың стратегиялық бағытын ұстану қажет.
"Мұнайдың бағасы өссе тіпті жақсы, одан түскен қаржыны ұлттық қорға аударайық. Өз басым мұнай қымбаттады деп қуануға түбегейлі қарсымын, себебі ол оңай жолмен келген оңай ақша. Жалпы, көктем мезгілінде өнеркәсіп жанданады, бизнес қайта тірілгендей болады, сондықтан бұл жаңалықтардың шығуына ол да себеп болуы мүмкін", - дейді маман.
Сарапшының пайымдауынша, мұнай өндіруші елдер үшін бұл дағдарыс сабақ болды. Себебі ендігі күні олар баға қандай болса да сонша үлкен көлемде мұнайды шығармайтын болады. "Аузы күйген үріп ішеді" деген сөз бар. Мұнай байлықтың емес, дағдарыстың көзі. Мұнай біреудің аяғын шалатын қаржы инструменті", - деді Исаев.