Иран елдің Жоғары ұлттық қауіпсіздік кеңесінің хатшысы Әли Лариджанидің қазасы үшін кек алу мақсатында Израильге зымыран шабуылының жаңа толқыны басталғанын жариялады, - деп хабарлайды Tengrinews.kz.
Бұл туралы сәрсенбі, 18 наурызда IRNA агенттігі өзінің Telegram-арнасында мәлімдеді.
Агенттік мәліметінше, Тель-Авивке жасалған шабуыл туралы Ислам революциясының сақшылар корпусы хабарлаған.
"Қатыгез израильдік режимнің зұлымдық орталығы - Тель-Авив "Шынайы уәде - 4" операциясының 61-ші толқыны барысында шейіт болған доктор Әли Лариджани мен оның серіктестерінің қаны үшін кек алу ретінде көп зарядты "Хорремшехр-4", көп зарядты "Кадр", сондай-ақ "Имад" және "Хайбар-шкан" зымырандарымен атқыланды", - делінген хабарламада.
Иран тарапы мәліметінше, "Хорремшехр-4" және "Кадр" зымырандары Израильдің көпдеңгейлі әрі аса заманауи Әуе шабуылына қарсы қорғаныс жүйесін бұзып өтіп, 100-ден аса әскери және күзет нысанына соққы берген.
Бұл шабуылдан кейін Тель-Авивтің бір бөлігінде электр жарығы сөніп, жағдайды бақылау мен ел ішіндегі күштердің көмек көрсетуі қиындағаны хабарланды.
Еске сала кетейік, Иранның Жоғары ұлттық қауіпсіздік кеңесінің хатшысы Әли Лариджани Тегеранда қаза тапты. БАҚ мәліметінше, ол АҚШ пен Израиль жойғыш ұшақтарының шабуылы кезінде ұлы, орынбасарларының бірі және оққағарларымен бірге мерт болған.
Иран Президенті Масуд Пезешкиан Лариджанидің қазасына байланысты көңіл айтып, бұл үшін қатал кек алуға уәде берді.
Әли Лариджани Ирандағы ең ықпалды тұлғалардың бірі саналған, ол 67 жаста еді.