ПОДЕЛИТЬСЯ
- Басты
- 29 маусым 2026 09:10
Израиль Ливандағы мәдени мұра нысандарына айтарлықтай зақым келтірген
Ливанда тарихи жәдігерлер мен қала-ауылдардың зақымдалғаны хабарланды. ЮНЕСКО елдегі Дүниежүзілік мұра нысандарының сақталуына қатысты алаңдаушылық білдіріп отыр, деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі Reuters агенттігіне сілтеме жасап.
Ливанда тарихи жәдігерлер мен қала-ауылдардың зақымдалғаны хабарланды. ЮНЕСКО елдегі Дүниежүзілік мұра нысандарының сақталуына қатысты алаңдаушылық білдіріп отыр, деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі Reuters агенттігіне сілтеме жасап.
Оңтүстік Ливанда ЮНЕСКО-ның Тир қаласындағы нысанының бөліктері зақымдалып, қираған, сондай-ақ Набатиядағы мәмлүктер дәуірінің базары мен шекаралас қалалардағы тарихи ғимараттар зардап шекті. Бұл туралы Ливанның мәдениет министрі Ғассан Саламе Reuters агенттігіне мәлімдеді.
Оның айтуынша, атысты тоқтату туралы келісімге қарамастан, билік Ливан аумағындағы 10 шақырымдық аймақта Израиль әскерінің болуына байланысты шығынды толық бағалай алмай отыр. Бұл аймақта ортағасырлық Бофорт қамалы мен діни зиярат орындары бар көне ауылдар орналасқан.
"Кейбір ауылдар бульдозермен толықтай тегістеліп тасталған", - деді Саламе.
Ол соққылардың белсенді ұрыс аймағынан тыс орналасқан Тир, Набатия және Тебнин сияқты қалаларға да тигенін атап өтті. Тебниндегі крестшілер бекінісінің тағдырына қатысты қауіп туындап отыр.
"Мұра тек Рим мен Финикия дәуірінің көне жәдігерлері ғана емес. Бұл тарихи ғимараттар, археологиялық ескерткіштер мен мәдени маңызы бар нысандар", - дейді Ливан министрі.
Израиль әскерилері Reuters сауалына берген жауабында соққыларды "тек әскери қажеттілікке байланысты" жасап жатқанын, "ерекше нысандардың" барын ескеретінін және "заң талап ететін қатаң бекіту процедурасын" қолданатынын мәлімдеді. Израиль "Хезболланы" Бофорт қамалына қару-жарақ жасырды деп айыптаса, Ливан билігі бұны жоққа шығарды.
Бұған дейін ЮНЕСКО Тир қаласының сақталуына алаңдаушылық білдіріп, Чамадағы цитадельдің зақымдануы мен Бофорт маңындағы ұрыстар туралы хабарларға "қатты мазасыздық" танытқан болатын. Ұйым "мәдени мұра нысандарына жасалған заңсыз шабуылдарды" айыптады.
Саламе ЮНЕСКО-дан Тир қаласын жойылып кету қаупі төнген дүниежүзілік мұралар тізіміне енгізуді сұрағанын, бірақ әзірге шешім қабылданбағанын айтты.
Бұған дейін Израиль Қорғаныс министрі Исраэль Кац ЦАХАЛ Ливан-Израиль шекарасы бойындағы барлық үйді қирататынын мәлімдеген болатын. Саламе қазіргі әскери науқан Ливанның көпғасырлық тарихын "жер бетінен мәңгілікке өшіріп тастай ма" деп қауіптенеді.
Еске сала кетейік, бұған дейін АҚШ пен Иран Ормуз бұғазында өзара шабуылдарды тоқтатуға және сейсенбі күні Катар астанасы Дохада кездесу өткізуге келіскен болатын.
Редакция сұрағы
Бұл туралы не ойлайсыз?
Пікірлер редакция тарапынан модерациядан өтеді
Пікірлерді оқу