Елімізде сепаратизм үшін жазаның күшейтілуі Қазақстан азаматтарын ұлтына, дініне, нәсіліне қарамай біріктіре түсуге ықпал етпек. Саясаттанушы Жарқын Түсіпбекұлы Қылмыстық кодекстің жаңа нұсқасына сепаратимзге қатысты баптың енгізілуі жөнінде пікірін білдірді деп хабарлайды Тengrinews.kz.
Елімізде сепаратизм үшін жазаның күшейтілуі Қазақстан азаматтарын ұлтына, дініне, нәсіліне қарамай біріктіре түсуге ықпал етпек. Саясаттанушы Жарқын Түсіпбекұлы Қылмыстық кодекстің жаңа нұсқасына сепаратимзге қатысты баптың енгізілуі жөнінде пікірін білдірді деп хабарлайды Тengrinews.kz.
Қазақстанда аумақтық тұтастықтың бұзылуына себеп болатындай факторлардың жоқ екенін айтқан саяси шолушы "жаңа Қылмыстық кодекс жобасындағы мемлекеттің тұтастығын заңсыз өзгертуге әрекет етушіні 10 жылға дейін бас бостандығынан айыру туралы жазаның қарастырылғаны - өте дұрыс шешім" деп есептейді. "Бұл біртұтас, яғни, унитарлы мемлекеттердің басым көпшілігінде бар. Қазақстан - түрлі геосаяси жағдайларға байланысты толеранттылықты сақтап отырған аз мемлекеттің бірі. Қандай этнос өкілі болмасын, елімізде теперіш көріп отырған жоқ. Керісінше, мәдени орталықтарын ашып, ұлттық ерекшеліктерін, дәстүрі мен тілін сақтап қалуға мүмкіндік алып отыр", - дейді ол.
Спикердің пікірінше, сөз болып отырған бапты енгізу қазіргі қоғамға аса қажет және дер кезінде қолға алынған. "Сепаратистік идеяны қолдаушылар Кеңес Одағынан еншісін индустриялық мемлекет ретінде алып шыққан Украинаны қандай күйге түсіріп отыр? Жаңа Қылмыстық кодекске енгізілетін өзгеріс, ең бастысы, еліміздің азаматтарын ұлтына, дініне, нәсіліне қарап алаламайды. Керісінше, бірігуіне, мемлекетке идентификациялануына жол ашады деп ойлаймын", - дейді саясаттанушы.
Жарқын Түсіпбекұлының айтуынша, кодекстің жаңа жобасындағы дәл осы бап "елден қашып, өздерін "жүйе құрбаны" етіп жариялап жүрген" кейбір тұлғалардың арандатушылық әрекеттерін шектеуге және ішкі тұрақтылықты қамтамасыз етуге себеп болады. "Олардың әлеуметтік желілердегі посттарына зер салып қарасаңыз, ел іргесіне қауіп төндіретін әрекеттер туралы жазып отырады. Ауық-ауық "мұнай - сенікі, байлығың Астанаға кетіп жатыр" деп, батыс өңіріндегі азаматтарға арандатушы ұрандар тастайды. Унитарлы елдің орталық билігі қай өңірден қандай табиғи байлық шыққанына қарамастан әлеуметтік жәрдемақы, тағы басқа бюджеттік төлемдерде біркелкілік сақтайды. Мұнай батыстан шыққаны үшін бұл жақтың тұрғындары шығыстықтардан көп зейнетақы алуы керек деген заң жоқ. Біртұтас мемлекеттің барлық заңы мен бір басшының шешімі ортақ", - дейді Жарқын Түсіпбекұлы.