Жақында "Айгүл Иманбаеваның музыкалық театр орталығы" Сербияның астанасы Белград қаласында өткен ХІІІ "Славия" халықаралық театрлар фестиваліне қатысып, жүлделі бірінші орынды алып келді, - деп хабарлайды Тengrinews.kz тілшісі. Мұның алдында 2012 жылы театр ұжымы Украинаның Керчь қаласында өткен ХІҮ "Боспор Агондары" халықаралық театрлар фестивалінде Гран приді қанжығалап келген болатын.
Жақында "Айгүл Иманбаеваның музыкалық театр орталығы" Сербияның астанасы Белград қаласында өткен ХІІІ "Славия" халықаралық театрлар фестиваліне қатысып, жүлделі бірінші орынды алып келді, - деп хабарлайды Тengrinews.kz тілшісі. Мұның алдында 2012 жылы театр ұжымы Украинаның Керчь қаласында өткен ХІҮ "Боспор Агондары" халықаралық театрлар фестивалінде Гран приді қанжығалап келген болатын.
Белградтағы халықаралық театр фестиваліне мүйізі қарағайдай жеті театр: Ресейдің үш театры, Израиль, Сербия, Египет және Қазақстан театрлары қатысты. Француз драматургі Жан Ануйдың "Медея" спектаклін шетелдік көрермендер мен әділ қазылар алқасына ұсынған театр труппасы әлемдік деңгейдегі театр майталмандарының жоғары бағасын алып, халықтың қошеметіне бөленді. Театрдың көркемдік жетекшісі, режиссер Қуандық Қасымов "Медея" спектаклін Украинада өткен байқауға қатысарда ашық аспан астындағы амфитеатрға арнап бейімдесе, бұл жолы Белградтағы шағын камералық залға лайықтап өңдеген екен. Белградтағы Айгүлдің және басқа да актерлердің ойнына режиссердің өзі де таңғалғанын жасырмайды. "Мен Айгүлдің бұрын осындай ғажап ойнағанын көрмеппін. Сөз жоқ, ол Украинада да жақсы ойнады. Дегенмен осы жолғы ойыны тіпті керемет болды, Айгүлдің шеберлігінен нәр алған басқа актерлер де өздерінің рөлдерін асқан шеберлікпен ойнап шықты. Спектакльге жаңа леп қосылып,ажарлана түскендей әсер алдым", – дейді Қуандық Қасымов.
2011 жылы қазақ театрлары жаңа жас театрмен толыққан болатын. Белгілі актриса, әнші, "Дарын" сыйлығының иегері Айгүл Иманбаева ашқан театр өзінің жаңашылдығымен, таңсықтығымен ерекшеленді. Қадырғазы Қуандықов, Гүлжамал Қазақбаева, Жұлдызбек Жұманбай, Әсет Иманғалиев сынды дарынды актерлерден түзілген труппа сахнаға алғаш шыққанан-ақ ерекше ойындарымен көрермен ықыласына бөленді. Көркемдік жетекшісі Қуандық Қасымовтың режиссерлығымен театрдың шымылдығын "Медея" спектаклі ашқан еді. Бұл пьесаны орыстың жазушысы В.Дмитриев аударған екен. Осы шығарманы режиссер Қуандық Қасымовтың қолқа салуымен белгілі журналист, аудармашы Өтен Ахмет қазақшаға аударған еді.
Театр тарихында Софокл, Эсхил, Еврипид, Пьер Корнель, Жан Ануй секілді классиктерді өзінің жұмбақ сиқырымен баурап, қалам тербеткен кейіпкер – Медея. Өзінің бауырын өлтірген, баласын тұншықтырған, патшаларды жойған Медея әлем әдебиетіндегі шешілмеген жұмбақ кейіпкер.
Медеяны тамашалап отырған адам кейіпкерге не ашуланарын, не сүйсінерін, не аярын білмей дал болады. Қойылымның кейбір тұстарында құйқаң шымырлап, кеуде тұсың шаншып, өне бойың бір ысып, бір суиды. Ал Медеяны ойнайтын актрисаға оның махаббатын, жан азабын, ашу ызасын көрерменге жеткізу қаншалықты күрделі десеңізші. Медеяның ашуы, махаббаты, қызғанышы, құштарлығы сахнаны көмкерген қызыл матада бұлқынып жатады. Бұл тамаша метафора. Медея қойылым басталғаннан аяғына дейін сахнадан түспейді. Ал Медеяны сомдаған актриса көрерменнің демін ішіне тартқызып, өзіне елітіп отырады. Театр тарихында көрерменді рахатқа бөлейтін актерлер көп емес. Дегенмен асыл тастың су түбінде жатпайтыны секілді, нағыз дарын қашанда жарқырап көрініп тұрады. Міне, Айгүл өзінің бойындағы дарынды "Медея" арқылы әлемге паш етті.
Басқа өнерін айтпағанда актрисалық шеберлігі бір төбе Айгүл Иманбаева тек өз еліміздің ғана емес, өзге елдің көрерменін де "Медея" арқылы тамсандыра білді. Айгүлдің Медеясына таңғалып, шын ықыластарын білдірген шетелдік өнер майталмандары, мәдениет жанашырлары, өресі биік көрермені біздің театр ұжымын жүлделі орынға лайық деп тапты.
Қуандық ҚАСЫМОВ, "Айгүл Иманбаеваның музыкалық театр орталығының" көркемдік жетекшісі:
– Сербияда "Медея" спектаклін қойғанда сол байқауда қазылық еткен сыншылар, режиссерлер біздің театр ұжымының ғажап гармонияда жұмыс жасағанын алға тартты. Меніңше, бұған себеп, басты рөлді ойнаған Айгүлдің Медеяны ойнаудағы асқан шеберлігі басқа актерлерді жетектеп отырды. Станиславскидің бір тамаша сөзі бар: "Режиссер должен умереть в актере" дейді ол. Міне, Айгүл Медеяны ойнағанда бұл қойылымда режиссердің қатысы жоқтай әсер қалдырды. Сондықтан да болар әділ қазылар алқасының мүшесі америкалық режиссер Ник Улару: "Қойылым басталғаннан ақ біз демімізді ішімізге тартып отырып көрдік, оқиғаға еніп кеттік" деп бізге келіп ризашылығын білдірді. Біздің театрымыздың осы байқауға қатысуы бізге Еуропаға жол ашып, басқа да театр фестивальдарына қатысуға мүмкіндік беріп отыр. Шетелдік өнер майталмандары жоғары бағасын беріп жатқан Айгүлдің өнері өз елімізде қандай құрметке де лайық деп ойлаймын. Қайтсем қазақ театр өнеріне жаңа леп әкелем деп жанын салып жүрген Айгүлдің өжеттігіне, батылдығына, ерлігіне бас иемін.
"Жалпы өз басым шетелге жиі шығамын, мәдени шараларға қатысып тұруға тырысамын. Сондағы менің байқағаным, біздің театр актерлерінің бәрі дарынсыз емес. Қазақ халқының бойындағы эмоция ешбір халықта жоқ. Тек бізге жетіспейтіні шынайылық, ойнау техникасы. Байқасаңыз, қазіргі таңда әлем театрларында грим өте аз қолданылады, яғни шынайылық жоғары бағаланады. Ал біздің театрларда әлі күнге гримге баса назар аударылады және дауысымызды зорайтып сахнада айғайға басамыз. Тағы бір жетіспейтіні, қандай спектакль ойнасақ та ұлтымызға тән табиғилықтан алыстаумыз. Мысалы, орыс театрлары қандай қойылым сахналаса да өз табиғатынан алыстамай нағыз орысша «по руский» ойнайды. Ал біз өзіміздің қазақтығымыздан жиіркенеміз бе, намыстанамыз ба, әлде еліктегіштігіміздің басымдығы ма, гректі ойнасақ грек, ағылшынды ойнасақ ағылшын болып шыға келеміз. Сондықтан да бізде жасандылық басым тұрады. Тамырымызда қазақтың қаны ағып жатқанын, жүрегіміздің қазақ деп соғатынын көрсете алмаймыз. Бұл жерде мен театрдағы барлық қойылым "қазақбайша" болсын деп отырған жоқпын, бәрі де тәп-тәтті, әп-әдемі қазақша болуы керек. Шекспирді ойнаса да актердың жаны қазақ екені көрініп тұрса, шіркін!" - Айгүл Иманбаева.
Кез келген өнер ұжымы үлкен байқауларда, халықаралық бәскелерде бақ сынау арқылы шыңдалып, тәжірибе жинақтап шығармашылық жағынан өсетіні белгілі. Көп жағдайда біздің еліміздегі театр ұжымдары, жекелеген дарын иелері, өнерлі жастар шетелге шығып қазақтың атын әлемге танытып, мәртебемізді асқақтатып жатқанда әр қазақтың кеудесін мақтаныш сезімі кернейді. Алайда қазіргі біздің қоғамда мәдениетке, өнерге деген материалдық қолдаудың аздығынан болар небір талант иелері жарқырап көріне алмай жатады. Ал "Айгүл Иманбаеваның музыкалық театр орталығы" ешкімнен алақан жайып ақша сұрамай-ақ өз күш-жігерімен, тірнектеп жинаған тиын-тебендерімен халықаралық байқауларға барып елге абыроймен оралып жүр.
Украинадағы және Белградтағы дүбірлі додадағы жеңістері аяғынан енді тұрып келе жатқан театрды қанаттандыра түскендей. Театр ұжымы алдағы уақытта Македонияда, Чехияда, Польшада өтетін халықаралық театр байқауларына қатысып, бақ сынап көрмек. Айгүл Иманбаева бастаған театр ұжымы өздері қатысқан байқауларда өнерімен әділқазыларды тәнтті еткендіктен әлемдік деңгейдегі театр майталмандарының көзіне түсіп, басқа да байқауларға жолдама алды. Яғни, "Айгүл Иманбаеваның музыкалық театр орталығы" қазақ театрларына еуропаға жол ашып берді.