Қарағандыда аудандық прокуратура ғимаратында прокурордың екі көмекшісі төбелесіп қалды, деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі Kazakhstan Today ақпараттық агенттігіне сілтеме жасап.
Қарағандыда аудандық прокуратура ғимаратында прокурордың екі көмекшісі төбелесіп қалды, деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі Kazakhstan Today ақпараттық агенттігіне сілтеме жасап.
Оқиға Қарағандының Октябрь аудандық прокуратура ғимаратында болды. Прокурордың орынбасары Виктория Ченцованың сөзіне қарағанда, екі әріптес арасындағы жанжал жұмысқа қатысты туындаған. Ал жергілікті бұқаралық ақпарат құралдарының хабарлауынша, ол ұрыс-керіс артынан төбелеске ұласып кеткен. Оларды әріптестері ажыратып алды. "Бұны төбелес деп айтуға болмайды. Екі әріптестің арасында текетірес болды. Қазір ол мәселе шешілді, жабылды", - дейді В.Ченцова.
Айта кеткен жөн, Қарағанды облыстық прокуратурасы аталған оқиғаның болғанын растаған жоқ. Баспасөз хатшысы Диана Сапарованың айтуынша, прокуратура ғимаратында ешқандай төбелес болмаған. "Ешкім төбелеспеді, ешкімді ажыратпады", - деді ол. Алайда прокурор көмекшілері үнемі бір жағымсыз жағдайларда көзге түседі. Мәселен, жақында Алматыда жол ережесін бұзған ондай қызметкерлердің біреуіне айыппұл салынды. Астанада олар дәмханада төбелесіп, жұмыстан қуылды. Қарағанды облысында да қадағалау мекемесінің қызметкері адам өліміне себеп болған жол-көлік оқиғасынан кейін жұмыс орнымен қош айтысты.