02 маусым 2014 | 17:36

Жаннаттың жер бетіндегі баламасы – "Қапал-Арасан"

viewings icon comments icon

ПОДЕЛИТЬСЯ

whatsapp button telegram button facebook button
tengrinews.kz tengrinews.kz

Жаз шыға салысымен «қайда демаламыз?» деген сұрақ әркімнің көкейінде дөңбекшитіні рас. Қалтасындағы бар қаржысын шет елдің «дөй» демалыс орындарына шашатын бай-бағландар дәл тұмсығының астында «Қапал-Арасан» атты жерұйықтың бар екенін біле бермейтін секілді, - деп хабарлайды alashainasy.kz  басылымы. Білсе де, оның қайнар суы денсаулыққа дауа, жанға шипа екеніне мән бермейді. Өткен аптаның соңында "Алаш айнасының" тілшісі Қаракүнгей мен Баянжүрек тауының аралығында, теңіз деңгейінен 975 метр биіктікте орналасқан «Қапал-Арасан» шипажайында екі күн болып, осы бір қасиетті мекеннің қадір-қасиетін терең түйсініп қайтқан еді.

whatsapp button telegram button facebook button copyLink button
Иконка комментария блок соц сети

Жаз шыға салысымен «қайда демаламыз?» деген сұрақ әркімнің көкейінде дөңбекшитіні рас. Қалтасындағы бар қаржысын шет елдің «дөй» демалыс орындарына шашатын бай-бағландар дәл тұмсығының астында «Қапал-Арасан» атты жерұйықтың бар екенін біле бермейтін секілді, - деп хабарлайды alashainasy.kz  басылымы. Білсе де, оның қайнар суы денсаулыққа дауа, жанға шипа екеніне мән бермейді. Өткен аптаның соңында "Алаш айнасының" тілшісі Қаракүнгей мен Баянжүрек тауының аралығында, теңіз деңгейінен 975 метр биіктікте орналасқан «Қапал-Арасан» шипажайында екі күн болып, осы бір қасиетті мекеннің қадір-қасиетін терең түйсініп қайтқан еді.


«Қапал-Арасан» шипажайы. Жалпы, көрініс

КЕШЕДЕН БҮГІНГЕ ДЕЙІН...

Талдықорған қаласынан 100-110 шақырым қашықтықта орналасқан –«Қапал-Арасан» шипажайы. Қазіргі Ақсу ауданына қарасты Арасан ауылындағы Бүйен өзенінің бойында орын тепкен бұл шипажайдың атын әр қазақ естіген. Бірақ, затын толыққанды білеміз бе? Арасан ауылының аты 1848 жылға дейін «Қауылы» деп аталған. Жер астынан атқақтап шыққан қайнардың адам ағзасына шипалылығы 1848 жылы белгілі болыпты-мыс. Мұнда 1850 жылы алғаш сауықтыру үйі салынып, 1853 жылдары шипажай орнының төңірегіндегі 53 гектар аумаққа бақ отырғызылған. Қапал минералды қайнарларының емдік қасиеті 1840 жылдары доктор Светаев, 1868 жылдары И.Соболевский, 1951 жылы Алғазин сынды білгірлер зерттеген. 1850 жылдардан кейінгі кезеңде «Қапал- Арасан» шипажайында Шоқан Уәлиханов, Семенов-Тяньшанский, Ільяс Жансүгіров, Дінмұхаммед Қонаев секілді нарқасқалар демалып, ем қабылдаған.

Әрине, «Қапал-Арасан» шипажайының тарихын бір мақалаға сыйғызу мүмкін емес. Сондықтан, қасиетті мекеннің өткенін қысқаша хроника арқылы бергеніміз жөн болар.

• 1850 жылы алғаш сауықтыру үйі салынғанын айттық.

• 1899 жылы емдеу орны ресми түрде жабылған.

• 1930 жылы Пятигорск экспедициясы «Қапал-Арасан» мекенін зерттеп, зерттеу қортындысы бойынша 1931 жылы «Қазақкурорт» тресі емдеу-сауықтыру орны қайтадан ашуға шешім шығарды.

• 1959 және 1973 жылы жаңа ғимараттар салынды. (1959 жылы салынған ғимараттың қызықты тарихына тоқталатын боламыз)

• 1982 жылы 500 орындық 5 қабатты корпус пайдалануға берілді.

• 1992 жылы республикалық Автомобиль жолдары министрлігі 150 орындық шипажай кешенін салып бітірді.

• Тәуелсіздіктен кейінгі еліміздегі экономикалық-әлеуметтік қиыншылық кезеңінде «Қапал-Арасан» санаторийі жабылып қалып, тек 2000 жылдардан бастап, ғимараттарды қалпына келтіру, күрделі жөндеу жұмыстары жүргізіле бастады.

• 2002 жылдан шипажай демалушыларды қабылдай бастады.


БҮГІН...


Бүгінгі «Қапал-Арасан»

Кеңестік кезеңде бір мезгілде 500-ден аса тынығушының қабылдайтын шипажай небір қиындықтарды басынан өткерді. Шипажайды былай қойып, осы қасиетті мекен орналасқан ауылдың өзін сақтап қалу оңай болмаған. Арасан ауылының ақсақалдарының айтуынша, 5 мың халық тұрған іргелі елдімекенде бүгінде бар болғаны 2 300-дей ғана адам тұрады. Оның өзін шеттен келген қандастарымыз толықтырып отыр. Колхоз-совхоз тарап, ірі шаруақожалықтар тұралап қалған соң, ауыл азаматтары жұмыс іздеп, жердің жаннатындай құт мекенді тастап кете барған. Бір мезетте 500 демалушыны қабылдайтын 1973 жылы салынған шипажай ғимараты талан-таражыға түсіп, ұстағанның қолында, тістегеннің аузында кеткен. Құдай оңдап, жанашыр азаматтардың арқасында 1992 жылы салынған Автомобиль жолдары министрлігіне қарасты (Кеңестер Одағы тұсындағы) 150 орындық шипажай ғана сақталып қалған. Кейіннен аталмыш орданы бизнесмен азаматтар сатып алып, барлық жұмысты дөңгелетіп әкетіпті.

Қазір 150 орындық «Қапал-Арасан» шипажайы заманға лайық жұмыс жасап жатыр. Мұнда буын, бүйрек, бауыр және ас қорыту органдарының, несеп жодарының кеселдері, гинеколия және урологиялық аурулары емделеді. Емдеу үшін табиғи минералды, хлорлы-сулырат-натрийлі термалды су көздері пайдаланылады. Сондай-ақ, санаторийде бальнеолдеу және физиоемдеу бөлімдері, арнаулы ванналар мен шипалы балшық, т.б. кабинеттер жұмыс істейді. Олар осы заманғы медицина аппараттармен, арнаулы дәрмектермен жабдықталыпты. Сондай-ақ, ревматизм, метаболизм, қан тамырлары сырқаттарымен ауратын адамдар сырқатына дауа табуда. Мамандар тірек-қозғалыс мүшелері (артриттер пен полиартриттер, остеохондроз, радикулит), жүйке жүйесің, жүрек-қантамыр, ас қорыту ағзалары ауруларын, байырғы созылмалы және кәсіптік интоксикацияларды емдеу және алдын алу ем шаралары жасалатынын да баса айтты. Шипажайдың қызметкерлері демалушыларға күніне 4 уақыт тамақ әзірлейді. Осы сапарымызда тынығушылардың ас мәзіріне деген ризашылығын өте көп естідік.


«Қапал-Арасан» шипажайы. Көріністер.


Ем қабылдаған балалар

Асхана


Шипажайдың диетологы Күміс Досымбекова


Шипажайда Дінмұхаммед Қонаев 18 жыл демалған

Арасан суы құрамы жағынан Болғариядағы «Бани», «Велинград», Чехославакиядағы «Янски Лазне», Грузиядағы «Цхалтубо» шипажайларының суынан бір мысқал кем емес. Емге дауалығы тұрғысынан алғанда Югославия, Венгрия, Италия, Франция секілді әлемге белгілі елдердің атақты шипажайларынан асып түспесе, кем соқпайды. Мұны қазақтың біртуар ұлы Дінмұхаммед Қонаев жете түсінген. Содан болар, Дінмұхаммед Ахметұлы 1975 жылдан бастап, 1993 жылға дейін 18 жыл бойы осы шипажайдың тұрақты демалушысы болған.


Дінмұхаммед Қонаевке арнап қойылған ескерткіш тақта.


Қазір ауылдың көнекөз қариялары Дінмұхаммед Қонаев жайлы түрлі қызықты естеліктерді майын тамызып тұрып әңгімелейді екен. Мәселен, Акашов Сейдахмет ақсақал Димаш Ахметұлының есте сақтау қабілетін тамсана әңгімелеп берді.

Сейдахмет Молдахметұлы, ауыл ақсақалы:

– Мен «Қапал-Арасан» шипажайының шаруашылық бөлімін көп жыл басқардым. Дінмұхаммед Ахметұлы әр жаз сайын осында демалуға келетін. Талай қызықты сәттердің куәсі болдым. Ол кісінің қарапайымдылығы соншалық, ауыл тұрғындарымен етене араласып, жүре беретін. Қасында жеке дәрігерінен өзге ешкім де болмаушы еді. 1986 жылы болу керек, Димаш ақсақал келеді деген соң, ұзақ тостық. Түнгі 11 шамасына дейін келмеген соң, үйге кеттім. Ертеңгісін жұмысқа келе жатсам, қарсы алдымнан Димаш аға шыға келді. Түнде келіпті. Мен амандасып едім: «Сейжан, (мені ауыл тұрғындары осылай атайды) жұмысқа бара жатырсың ба?» деді. Осыдан бір жыл бұрын дастархан басында танысып едік. Ол кісі менің атымды қалай есінде сақтап қалғанына таңмын. Өйткені, жылына мен секілді мыңдаған адаммен кездеседі ғой.

Д.Қонаев жайлы мұндай әңгімелер көп. Тіпті, ауыл тұрғындарының әр қайсысының үйінде сол кездегі мемлекет басшысымен түскен тарихи суреттер сақтаулы екен. Қазақтың сүйікті ұлы Димаш ақсақал 1993 жылы тамыз айының басында ең соңғы рет осы демалыс орнына келеді. Сол жолы биыл жасы 22 жасқа аяқ басқан Әділет атты баланың тұсауын кеседі. Осы шипажайдан шығып, алып азамат Алакөлге ат басын бұрыпты. Амал не, араға тура он күн салып, сол Алакөлде Димаш ақсақалдың алып жүрегі мәңгілікке соғысын тоқтатты. Дінмұхаммед Ахметұлы өмірінің соңында «Қапал-Арасан» шипажайына неге келді екен? Бәлкім, өзі өте жақсы көрген тарихи мекенмен қоштасқысы келген шығар-ә!.


Димаш ақсақалдың шағын тұрағы.


Сейдахмет Молдахметұлы ақсақал асқазан мен көз ауруларына шипа болатын бұлақтың суын таныстыру үстінде.


БІР ҒИМАРАТ ТАРИХЫ

Жоғарыда «1959 жылы салынған ғимараттың қызықты тарихына тоқталатын боламыз» деген едік. 1959 жылы (суретте) салынған мына ғимараттың тарихы 1886 жылға барып тіреледі. 1886 жылы әскерилер бір қабатты демалыс орнын тұрғызыпты.


1886 жыл мен 1959 жылдың арасы...


Шоқан Уәлиханов, Семенов-Тяньшанский, Ільяс Жансүгіровтердің табаны тиіп, ем қабылдаған орда осы үй. Бірақ, ол кезде бір қабатты ғана болған. 1959 жылы сол бір қабатты ғимараттың үстіне екінші қабат салынады.


1982 жылы салынған 500 орындық 5 қабатты корпус. Заман тұралатқан бұ ғимараттың қалпына келер күні туар ма екен.


Роза Бағланова, Бибігүл Төлегенова бастаған жезтаңдай әншілеріміз бір кездері осы сахнада ән айтқан.


ЕРТЕҢ... һәм "Алаш айнасының" түйіні

Сейдахмет Молдахметұлы ақсақал өткен кезеңдерді еске алғанда ауыр күрсінеді. Сонан соң ойланып отырып: «Қолда барды бағаламаймыз» деді. «Бұл жерге әуежай салмақ болып еді. Ол да аяқсыз қалды» деді тағы да бір мәселенің шетін шығарып. Ол кісі бүгінгі 150 орындық шипажайдың халық игілігіне жарап жатқанына шүкіршілік етеді. Осы бір мекеменің аумалы-төкпелі заманның қиындығына қарамай, жұмыс жасап тұрғанына разы. Біз де риза болдық. Өйткені жер бетінде жаннаттың баламасы болса, ол – Қапал-Арасан! Менің сөзіме сенбесеңіз, өзіңіз барып көзбен көріңіз...

Читайте также
Join Telegram Последние новости
Мұнай бағасы төмендеп жатыр
Лого TengriNews мобильная Лого TengriSport мобильная Лого TengriLife мобильная Лого TengriAuto мобильная Иконка меню мобильная
Иконка закрытия мобильного меню
Открыть TengriNews Открыть TengriLife Открыть TengriSport Открыть TengriTravel Открыть TengriGuide Открыть TengriEdu Открыть TengriAuto

Валюта бағамы

 516.01  course up  536.3  course up  5.17  course up

 

Ауа райы

 

Редакция Жарнама
Социальные сети
Иконка Instagram footer Иконка Telegram footer Иконка Vkontakte footer Иконка Facebook footer Иконка Twitter footer Иконка Youtube footer Иконка TikTok footer Иконка WhatsApp footer