Астана күнін тойлау шаралары маусымның 20-сы күні басталады, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі Астана қалалық мәдениет басқармасының басшысы Болат Мажағұловқа сілтеме жасап.
Астана күнін тойлау шаралары маусымның 20-сы күні басталады, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі Астана қалалық мәдениет басқармасының басшысы Болат Мажағұловқа сілтеме жасап.
Оның айтуынша, қала күніне орай барлығы 70-тен астам мәдени шара өтеді. "Мерекелік шаралар маусымның 20-сы күні басталып, шілденің 4-інде аяқталады. Одан кейін демалыс күндері болады. Сол кезде де көптеген мәдени-спорттық шаралар ұйымдастырылады", - деді бүгін Мажағұлов Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте. Басқарма басшысының сөзіне қарағанда, Астана күнін тойлау шараларын ұйымдастыруға 20 мыңға жуық адам атсалысады. Ал қала бюджетінен 700 миллион теңгеге жуық қаржы бөлінеді.
Биыл да Астана күніне арналған шақыру билеттері таратылмайды. Себебі барлық шаралар өзін-өзі ақтауы тиіс. "Қазіргі кезде билеттер қаланың барлық кассалары мен сауда орталықтарында сатылып жатыр. Бағасы - 1000-5000 теңге", - дейді Б.Мажағұлов. Қала күніне арналған мәдени шаралар тікелей эфирде көрсетілмейді.