22 қазан 2014 | 19:17

Алматыда Ұлы Отан соғысының батыры Рахымжан Қошқарбаевты еске алды

ПОДЕЛИТЬСЯ

Рахымжан Қошқарбаев Алматыдағы Даңқ монументінің алдында. Рахымжан Қошқарбаев Алматыдағы Даңқ монументінің алдында.

Алматыда Рейхстагқа алғашқы болып ту тіккен Ұлы Отан соғысының батыры Рахымжан Қошқарбаевтың 90 жылдық мерейтойына байланысты арнайы іс-шаралар басталып кетті, - деп хабарлайды Tengrinews.kz. тілшісі.


Алматыда Рейхстагқа алғашқы болып ту тіккен Ұлы Отан соғысының батыры Рахымжан Қошқарбаевтың 90 жылдық мерейтойына байланысты арнайы іс-шаралар басталып кетті, - деп хабарлайды Tengrinews.kz. тілшісі.

Бүгін ұзақ жылдар бойы Рақымжан Қошқарбаев басқарған "Алматы" қонақ үйінде батырдың жақын достары, туыстары, майдандастары жиналды. Олар батыр жайлы естеліктер айтып, жиналғандарға фото мұрағаттарды көрсетіп, батырдың өмірі жайлы сыр шетті.

Майдандас досы Жанша Жанасов 1942 жылы батырмен бірге әскерге шақырылғанын әңгімелеп берді. "Біз Көкшетауда болдық. Мен Жезқазғаннан келдім. Ол Ақмола облысынан келді. Осылайша кездестік. Онда барған соң бізді сержанттарды даярлайтын кіші командирлер мектебіне бөлді. Сол мектепте оқып, білім алдық. Артынша өзімізден кейінгі келгендерге білім бердік", - дейді Жанша Жанасов.

Фотода солдан оңға қарай: кіші сержант М. Кантария, сержант М. Егоров, лейтенант Рахымжан Қошқарбаев, капитан С. Неустроев.

Көкшетаудан жас офицерлерді Тамбов әскери училищесіне жібереді. Мұнда бір жыл оқыған қазақстандық жас офицерлер кіші лейтенат дәрежесін алып, Беларусь майданына аттанады. "Міне, біз майдандағы жолымызды осылай бастадық. Мен Берлин түбінде жараландым. Ал Рақымжан Берлиннен өтіп, Рейхстагқа дейін жетті. 30 сәуір күні ол Жеңіс туын тікті. Қазір оқымыстылардың біразы Жеңіс туы 2 мамыр күні Берлинді алған сәтте тігілді деп жүр ғой. Бірақ Қошқарбаев Жеңіс туын бірінші көтерді, бірінші тікті. Ол 30 сәуір күні еді", - дейді Рахымжан Қошқарбаевтың майдандас досы.

Рақымжан Қошқарбаевтың қызы Әлия Қошқарбаева әкесі жайында "Мен оны Рейхстагқа ту тіккен батыр ретінде емес, әзілді сүйетін, қамқор әке ретінде  жиі есіме аламын. Ол өзінің ерлігі жайында көп айтқан емес. Адамдар оған жақын достарына келген тәрізді келетін. Әкем ақжарқын, қарапайым адам еді. Мен оны осы қалпында есімде сақтадым. Біздің үйдің есігі жабылмайтын. Үйден қонақтар үзілмейтін. Бауыржан Момышұлы, Сергей Смирнов, Кәкімжан Қазыбаевтар үйге жиі келетін. Олардың әңгіме-дүкен құрғанының өзін аңыз қылып айтуға болады", - дейді.

Оның айтуынша, әкесінің ерлігі жайында көп жылдар бойы айтылмай келді. Уақыт өте келе Кеңес одағының батыры Бауыржан Момышұлы мен журналист-жазушы Кәкімжан Қазыбаев арнайы зерттеулер жүргізіп, Рахымжан Қошқарбаевтың ерлігін насихаттай бастады. "Олар барлық мұрағаттарды ақтарып, құпия мәліметтерді көтеріп, тапқандарын басылым беттеріне жариялап отырды" - дейді Әлия Қошқарбаева.

Рахымжан Қошқарбаев отбасымен

Ал Кәкімжан Қазыбаевтың зайыбы Орынша Қарабалина 1958 жылы Рахымжан Қошқарбаев туралы  жазылған очерк жайында былай деп есіне алды: "Бауыржан Момышұлы Жеңістің 20 жылдығына қатысты повесть жазылуы керектігін айтты. Осыдан барып Рахымжан Қошқарбаев жайында жазу туралы сөз қозғала бастады. Мәскеуде ол туралы Василий Субботин деген тілші бірнеше мәрте жазған екен. 1946 жылы Алматыға Роман Кармен деген кинооператор келіп Рахымжанмен кездескісі келеді, бірақ батырды таба алмайды. Сондай-ақ, ол жайында Мәскеуде 1948 жылы жазушылар пленумында Борис Горбатов "Біздің жауынгерлерді қыранмен, бүркітпен теңеуді қоятын кез жетті. Қазақ жігіті Қошқарбаев менің көз алдымда өз жолдастарымен Рейхстагқа ту тікті. Олар жанған от ішінде, ажал аузында жүріп ерлік көрсеткен. Осындай ердің образын беру үшін бөлекше теңеу, бөлек поэзия, социалистік реализм поэзиясы керек", - деген болатын. Міне, осыдан барып  Кәкімжан Қазыбаев Рахымжан туралы очеркті дүниеге әкелді".

Рахымжан Қошқарбаев 1924 жылы Ақмола облысында дүниеге келген. Оның анасы 4 жасында дүние салады. Ал 12 жасында әкесін халық жауы ретінде тұтқындаған. 7 жылдық мектепті бітірген соң, ол  Балқаш қаласындағы фабрика-зауыт училищесіне (ФЗУ) жіберілді. Әскерге 1942 жылы 18 жасында қабылданады. Рақымжанның майдандағы соғыстарға қатысуы мерзімді баспасөзде және көркем әдебиетте жан-жақты жазылды. Берлиннің өзінде болған соғыстарда ол өзінің взводымен ең алдыңғы шептерде болды, Шпрееге - соңғы сулы бөгетке және Король алаңына - "Гитлердің үйіне" бірінші болып жетті. Одер өзенінен өтудегі қанды шайқастан кейін оны партия мүшелігіне қабылдады. Ал партия билеті аса маңызды бекіністі алудың және саяси маңызды мақсатқа жетудің мадақтау белгісі ретінде "Гитлердің үйінде" табыс етілді. Осы "Гитлердің үйінде" барлау взводының командирі, лейтенант Қошқарбаевқа Рейхстагқа Қызыл Туды тігу туралы тарихи жауынгерлік бұйрық берілді. Жалауды оған батальон командирі Давыдов және саяси жетекші Васильченко табыс етті. "Гитлер үйі" мен Рейхстагқа дейінгі ара қашықтық 360 метр ғана, бірақ ол жан-жағынан оқ жауған ашық алаңда еді. Лейтенант Қошқарбаев өзінің солдаттарымен толассыз атылған оқтың астынан 7 сағат бойы жерге жабыса еңбектеп өтті. Межелеген орынға ол Григорий Булатов деген солдатпен бірге жетіп, бұйрықты орындап, Рейхстагтың фронтанына туды тікті. Бұл оқиға сәуірдің 30-ы күні 18 сағат 30 минутта болған еді. Тарихи оқиға жайындағы бұл хабар бүкіл әскери бөлімдерді шарлады. Бұл ерлігі үшін Р.Қошқарбаевқа жауынгерлік "Қызыл Ту" ордені берілді, сондай-ақ ол "І дәрежелі Отан соғысы" орденімен, "Берлинді алғаны үшін", "Варшаваны азат еткені үшін" медальдарымен марапатталды. Ел есінде қалған ер 1988 жылы дүниеден өтті.

"Халық қаһарманы" атағы Р.Қошқарбаевқа 2001 жылы берілді.

Читайте также
Join Telegram

Валюта бағамы

 488.23   530.57   5.03 

 

Ауа райы

 

Редакция Жарнама
Социальные сети