Павлодар облысындағы су тасқынынан Майқайың ауылының ондаған үйі су астында қалды, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі жергілікті тұрғындарға сілтеме жасап.
Павлодар облысындағы су тасқынынан Майқайың ауылының ондаған үйі су астында қалды, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі жергілікті тұрғындарға сілтеме жасап.
"Біз "Қолжетімді баспана-2020" бағдарламасымен салынған жаңа үйлердің тұрғындарымыз. Біздің үйлер су астында қалды және бұл бірінші рет емес. Баспана батпақты жерде тұрғызылғандықтан, биліктегілердің бізге көмектескілері келмейді", - деп шағымданды жергілікті тұрғын Айдана Бәкібаева. Оның айтуынша, тұрғындардың көпшілігінде кішкентай балалар бар, ал үйде отыру мүмкін емес, себебі барлық нәрсе су болған. Қазір су тасқынынан зардап шеккендер туыстарының үйіне уақытша көшіп барып жатыр.
Сонымен қатар, су тасқынына қатысты облыстық төтенше жағдайлар департаментіндегілер түсінік берді. ТЖД басшысы Әлібек Ділімовтің айтуынша, су тасқынына байланысты облыста ТЖ жарияланды. Жағдай әзірше тұрақты, алайда қар суының елді мекендерді басу қаупі сақталып отыр. 10 сәуірде су ағынының қатты болуынан Теңдік ауылын су басты. Ақтоғай ауданындағы жағдай қиын, билік ескерту шараларын жүргізіп жатыр. "Бұл жерде бүгін қатты су ағыны болады деп күтіліп отыр, біз еріген қар суын бұрып жіберу шараларын жүргізіп жатырмыз. 100 адам эвакуацияланды. Баянауыл ауданындағы су басу қаупі жойылды, эвакуацияланған адамдар үйлеріне қайтарылды. Облыс бойынша төтенше жағдайларды ауыздықтауға 200 адам жұмылдырылды", - деп хабарлады ол. Сонымен қатар, Ділімов Майқайың ауылындағы жағдайға қатысты да түсінік берді. Оның айтуынша, ол жердегі төрт үйді су басады деген қауіп болған, алайда қазір сейілді. Еске сала кетейік, осыған ұқсас оқиға Қарағанды облысында болды - 30-дан аса елді мекенді су басты.