Биыл Қазақстанда үйірлі шегірткелер 3,8 миллион гектар жерге таралуы мүмкін, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Биыл Қазақстанда үйірлі шегірткелер 3,8 миллион гектар жерге таралуы мүмкін, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Баспасөз қызметінің мәліметінше, биыл үйірлі шегірткелердің 3,8 миллион гектар жерде таралуы мүмкін, соның ішінде итальяндық прус - 3,2 миллион, азиялық шегіртке - 541,9 мың, марокко шегірткесі 100,1 мың гектар жерге таралады деген болжам бар. Шегірткелермен күресуге республикалық бюджеттен 3,7 миллиард теңге, соның ішінде пестицидтер сатып алуға - 721 миллион теңге және химиялық өңдеу жүргізуге 3 миллиард теңге бөлініп отыр.
"Бүгінгі таңда конкурстар өткізіліп, пестицидтерді ұсынушылар, оларды сақтау, тасымалдау жұмыстарын орындаушылар және өңдеу жұмыстарын жүргізушілер анықталды. Қазіргі кезде барлық ұсынушылар және жұмысты орындаушылармен келісімшарттар жасалып жатыр. 2015 жылы үйірлі шегірткенің таралу қаупі жоғары 39,2 миллион гектар жерде мониторингтік тексеру жұмыстарын жүргізу жоспарда тұр", - делінген хабарламада.
Айта кетейік, мониторинг жүргізу үшін қосымша 437 маусым аралық анықтаушы жұмысқа тартылып, арнайы техникалар жалға алынады. Штаттағы қызметкерлермен бірге анықтау жұмыстарына барлығы 1234 адам қатысады. Барлық анықтаушылар GPS-трекерлармен жабдықталады. Сонымен қатар, көрші елдермен арада мәселе туындатпау үшін, Қытай, Ресей, Өзбекстан және Қырғызстанмен шекаралас жерлерде шегірткелерді анықтау мақсатында және өңдеу жұмыстарының тиімділігін білу үшін бірлескен тексеру жұмыстары жүргізіледі.