Ұлттық банк директорлар кеңесі ипотекалық қарыздарды қайта қаржыландыру бағдарламасын мақұлдады, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі банктің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Ұлттық банк директорлар кеңесі ипотекалық қарыздарды қайта қаржыландыру бағдарламасын мақұлдады, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі банктің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Баспасөз қызметінің мәліметінше, ҚР Үкіметі мен Ұлттық банк Мемлекет басшысының тапсырмасын іске асыру үшін ипотекалық қарыз алушылардың проблемаларын шешу мақсатында Ұлттық банктің қаражатынан 130 миллиард теңге бөлу туралы шешім қабылдады.
"Ұлттық банк "Проблемалық кредиттер қоры" АҚ-ты 130 миллиард теңге сомасына үстеме капиталдандырады, ол өз кезегінде, екінші деңгейдегі банктерде жылдық 2,99 пайыздық сыйақы мөлшерлемесімен 20 жыл мерзімге депозиттерді орналастырады. Бұл қаражатты банктер жеке тұлғалардың ипотекалық тұрғын үй/ипотекалық қарыздарын қайта қаржыландыруға жібереді", - делінген хабарламада.
Бағдарламаның мақсаты: қарыз алушылардың барынша көп бөлігі үшін ипотекалық қарыздарды өтеу талаптарын жеңілдету, проблемалық кредиттер мен экономиканың долларлану деңгейін төмендету.
Айта кетейік, бағдарламаның негізгі өлшемдеріне сәйкес қарыз алушының және оның жұбайының (зайыбының) жалғыз баспанасы кепілге салынған, 2004-2009 жылдар аралығындағы кезеңде берілген ипотекалық тұрғын үй/ипотекалық қарыздар қайта қаржыландыруға жатады. Толығырақ мына жерден көруге болады.
Айта кетейік, Ұлттық банктің ипотека мәселелерін шешуге 130 миллиард теңгені бөлетіні туралы 2015 жылдың ақпан айында айтылған болатын. Дегенмен бағдарлама қазір мақұлданып отыр. Бұған дейін заңгерлер Қазақстан үкіметі мен Ұлттық банктің бағдарламасына сәйкес борышкерлердің қарызын есептен шығару заңнаманың жетілмеуінен іске аспай қалуы мүмкін деген ойларын айтты.