Жазушы Есенжол Домбаев қайтыс болды, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі оның жұбайы Сәуле Гайниденоваға сілтеме жасап.
Жазушы Есенжол Домбаев қайтыс болды, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі оның жұбайы Сәуле Гайниденоваға сілтеме жасап.
Марқұммен қоштасу рәсімі ертең, 17 сәуірде сағат 10.00-де Жазушылар одағында өтеді деп жоспарланып отыр.
Есенжол Домбаев - жазушы, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі. Ол 1938 жылы 2 мамырда Атырау облысының Индер ауданында Шолақ Шағыл деген жерде дүниеге келген. Елтай атындағы орта мектебін 1956 жылы бітіргеннен кейін Алматыдағы "Қазақфильм" киностудиясында, НИИАТ-та жұмыс істеген. 1961 жылы Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясының театр факультетін бітіреді. "Қазақстан пионері" (қазіргі "Ұлан"), "Ара", "Жаңа фильм" киностудиясында әдеби қызметкер, фельетонист, бөлім меңгерушісі, аға редактор, бірлестік директоры болып қызмет атқарған. ҚазМУ-дің журналистика факультетінде сырттай оқыған.
1957 жылы оның Әліби Жангелдиннің Қазан қаласында діни семинарияда оқып жүрген кезінен жазған "Алғашқы сабақ" атты бір актілі драмасы республикалық бәйгеде екінші сыйлық алды. "Біздің ауылда қызықтар бола береді", "Өтірік әңгіме" атты комедиялары облыстық театрларда қойылған. "Кешегі күннің күркілі", "Тәуелсіздік таңы" (2008) пьесаларын жазды. "Ұрпақ қамы" киносценарийдің авторы.
Николай Гогольдің "Мұрын" повесін, Михаил Салтыков-Щедриннің "Бір қаланың тарихы" романын, серб сатиригі Бранислав Нушичтің "Менің өмірбаяным" (Оспанхан Әубәкіровпен бірігіп) аударған, болгар сатиригі Чудомир атымен танымал Димитр Чорбаджийскийдің "Ескерткіш" деген атпен шыққан әңгімелерін, түрік сықақшысы Әзиз Несиннің әңгімелерін қазақ тілінде сөйлеткен.