Қытайда Қазақстан Президентінің сайлауы талқыланды, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі ҚР СІМ баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Қытайда Қазақстан Президентінің сайлауы талқыланды, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі ҚР СІМ баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Баспасөз қызметінің мәліметінше, 16 сәуірде Қазақстанның Қытайдағы Елшілігінде алдағы ҚР Президенті сайлауына қатысты брифинг өтті. Қазақстанның Қытайдағы Елшісі Шахрат Нұрышев жетекші қытайлық және шетелдік бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдеріне Қазақстан халқы Ассамблеясының бастамасы, сайлауға дайындық барысы және ағымдағы ұйымдастыру жұмыстары туралы айтты.
"Нұрышев Қазақстан ел дамуының орта және ұзақ мерзімді маңызды бағдарламаларын, соның ішінде "Қазақстан-2050" стратегиясын, "Нұрлы жол" жаңа экономикалық саясатын іске асыруға кіріскеніне аса назар аударды. Жақын арада бірқатар маңызды халықаралық шараларды ЕХРО-2017 халықаралық мамандырылған көрмесін және 28-ші Дүниежүзілік қысқы Универсиада жарыстарын өткізуі жоспарлануда. Президенттік сайлауды өткізу алда тұрған жоспарларды тыңғылықты түрде жүзеге асыруға, сыртқы факторлардың жағымсыз ықпалының алдын алуға мүмкіндік береді", - делінген хабарламада.
Сонымен қатар, Қазақстан шет мемлекеттері мен халықаралық ұйымдардың бақылаушыларының және шетелдік БАҚ өкілдерінің алдағы сайлау барысын байқауға қатысуларын қолдайтыны атап өтілді. Айта кетейік, сайлауды бақылау үшін 630-дан аса халықаралық бақылаушы және бұқаралық ақпарат құралдарының, соның ішінде Қытайдың өкілдері тіркелді.
Еске сала кетейік, Қазақстан Республикасы Президентінің кезектен тыс сайлауы 2015 жылдың 26 сәуірінде өтеді.Орталық сайлау комиссиясы осыған дейін үш үміткерді тіркеген болатын - қазіргі Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевты, Қазақстан коммунистік халық партиясының өкілі Тұрғын Сыздықовты, өзін-өзі ұсынған Әбілғазы Құсайыновты.