Назарбаев пен Ердоған Қожа Ахмет Яссауи атындағы халықаралық қазақ-түрік университетінде болды, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі Ақорданың баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Назарбаев пен Ердоған Қожа Ахмет Яссауи атындағы халықаралық қазақ-түрік университетінде болды, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі Ақорданың баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Баспасөз қызметінің мәліметінше, оқу орнына келген Нұрсұлтан Назарбаев пен Реджеп Ердоған университет қалашығының макетімен танысып, музейді аралап көрді. Сондай-ақ екі ел президенттері Құрметті қонақтар кітабына қолтаңба қалдырды.
Сондай-ақ, Түркия президентіне Құрметті профессор атағы беріліп, ол университеттің оқытушы-профессорлар құрамы алдында сөз сөйледі. Ердоған көрсетілген құрмет үшін алғыс білдіріп, түркі тілдес елдердің арасындағы байланысты нығайтудағы оқу орны қызметінің маңыздылығын атап өтті. Түркия Президенті Қожа Ахмет Яссауидің бүкіл түркі дүниесіне қалдырған рухани мұрасының орны айрықша екенін айтты. Ердоған Түркияның әрбір тұрғыны үшін Орталық Азия, соның ішінде Қазақстан зор мәнге ие екеніне назар аударды.
"Соңғы 20 жылда елдеріміздің саяси, әлеуметтік және мәдени өмірінде зор өзгерістер болды. Қазақстан тәуелсіздік алғаннан кейінгі емтиханнан жақсы өтті. Барлық сынақтарды еңсеріп, үлкен табыстарға жетті. Бұл көбіне көп өз елін жоғары деңгейге шығару үшін оның географиялық қонысын пайдалана білген Нұрсұлтан Назарбаевтың арқасында мүмкін болды", - деді Түркия президенті.
Айта кетейік, Қожа Ахмет Яссауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университеті түркі тілдес мемлекеттер ішінде халықаралық мәртебесі бар бірден-бір жоғары оқу орны саналады. Онда әлемнің түркі халықтары тұрып жатқан 32 елінен келген студенттер оқиды. Сабақ қазақ, түрік, орыс және ағылшын тілдерінде жүреді.