Парламент Мәжілісінің депутаты Зағипа Бәлиева абақтыда босанатын әйелдерге ерекше жағдай жасап беруді ұсынды, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі.
Парламент Мәжілісінің депутаты Зағипа Бәлиева абақтыда босанатын әйелдерге ерекше жағдай жасап беруді ұсынды, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі.
"Қараңыздар, бас бостандығынан айыру орындарында балалар туылып жатыр. Олардың аналары соттың шешімімен абақтыда отыр. Бірақ кішкентай балалар ше, олардың қандай жазығы бар? Бәріміз бірге түрмеде бала туған әйелдерге жағдай жасап беруді ойластырайық. Абақтыда отырған әйелді емес, оның баласын, еліміздің кішкентай азаматын ойлап, сәби кезінде оларға жақсы жағдай жасап беруді қолға алайық, - деді Бәлиева төменгі палатадағы қылмыстық-атқару заңнамасын жетілдіру төңірегінде сөйлеген сөзінде.
Айта кетейік, 2014 жылғы мәлімет бойынша, қазақстандық колонияларда 42700 адам жазасын өтесе, олардың 3400-і - әйелдер.
2013 жылы Қазақстан түрмелерінде 16 жүкті әйелдің бар екені белгілі болды. Дүниеге келген барлық балаға туу туралы куәлік берілетіні де айтылды. "Барлық ана мен сәби Қазақстан заңнамасына сәйкес, медициналық бақылауда болып, қажетті ем қабылдайды", - деп хабарлады ҚР ІІМ Қылмыстық-атқару жүйесі комитеті.
Сонымен қатар, Қазақстанның қылмыстық атқару жүйесінде Жауғаштыдағы әйелдерді түзету орталығында балалар үйінің бар екені атап өтілді. Ол жерде үш жасқа дейінгі балалар тәрбиеленеді. Балалар үйі 50 орынға есептелген. "Ол жерде барлық техникалық жабдықтар бар. Балалар үйінде тәрбиешілер жұмыс істейді. Күн сайын балалар дәрігерлердің тексеруінен өтеді", - деп хабарланды баспасөз қызметінде.
Балалар үш жасқа келгеннен кейін олардың анасының келісімімен туыстарының үйіне жіберіледі. Балалар үш жасқа келгенде анасының жазасын өтеу мерзімі бір жылдан аз болса, әкімшілік баланы сол мерзімде балалар үйінде қалдырады.