Қазақстан халқы Ассамблеясы ұзақ уақытқа жалғасқан кедейлік уақытында құрылды. Бұл туралы Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев Бейбітшілік және келісім сарайында айтты, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі. Айта кетейік, бұл сарайда Қазақстан халқы Ассамблеясының XXII сессиясы өтіп жатыр.
Қазақстан халқы Ассамблеясы ұзақ уақытқа жалғасқан кедейлік уақытында құрылды. Бұл туралы Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев Бейбітшілік және келісім сарайында айтты, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі. Айта кетейік, бұл сарайда Қазақстан халқы Ассамблеясының XXII сессиясы өтіп жатыр.
Елбасы өз сөзін Ассамблеяның 1995 жылы күрделі кезеңдерде құрылғанын еске алумен бастады.
Президенттің естеліктері көбінде жастарға арналды. "Бүгінде Қазақстанның ХХ ғасырдың 90-шы жылдарының басында қандай болғанын, неден бастауға тура келгенін қазіргі заман жастарының көзге елестетуі де қиын. Біз 15 одақтас республиканың ішінде соңғы орындарда болдық, деп айту мүлде ештеңе айтпағанмен бірдей. Ол кезде дүкендерде бірінші қажеттегі негізгі тауарлардың карточкамен сатылғаны аға буынның есінде. Мәселен, бір адамға айына бір килодан аспайтын қант, 400 грамм май, 1 ондық жұмыртқа тиесілі болды. Сүт сатып алу үшін жұрт дүкендерде таңғы 5-6-дан бастап кезекке тұратын. Бір уақыттары тіпті бидайдан қомақты өнім алған біздің астықты республикамыздың өзінде нан қатаң нормамен - бір қолға 1 бөлкеден берілді! Ал телевизор, тоңазытқыш немесе кір жуғыш машина алу құқығы кәсіпорындарда ұтыс түрінде ойнатылды. Автомобильдер туралы ешкім армандаған да емес", - деді Нұрсұлтан Назарбаев. Ол сол уақыттарда адамдардың зейнетақы мен жалақыны айлап ала алмай жүрген кездері болғанын ескертті.
"Міне, бұл сол уақыттағы экономиканың және адамдар өмірінің аянышты жағдайын кез келген цифр мен статистикадан өткірірек түрде нақтылы бейнелейді. Іс жүзінде біздің экономика орталығы Қазақстаннан тыс жерде болған аумақтық экономикалық кешендердің "шет аймағынан" тұрды. Мәселен, тас көмір қорының көптігінен Орталық Қазақстанды Донбасс пен Кузбасстан кейін "үшінші қазандық" деп атады. Ал сонымен бірге, үйлерде, кәсіпорындар мен мекемелерде, мектептер мен ауруханаларда көмірдің жоқтығынан жылу мен жарық болған жоқ", - деді Президент.
"Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында бізді қорқытқан ең бір көңіл құлазытар болжамдардың бірі жаппай созылмалы кедейшілік, сол сияқты халықтың көпэтностығы болды. Ол кезде бұл үшін негіз де бар еді. Ел тұрғындарының төрттен үші дерлігі кедейшілік шегінде тұрды. Бюджеттегілер - мұғалімдер, дәрігерлер, мәдениет қызметкерлері, мемлекеттік қызметшілер ауыр жағдайда болды. Көпшілігі сол кезде өздерінің тарихи Отандарына - Германияға, Грекияға, Израильге, Ресейге, бұрынғы Одақ республикаларына кету жөнінде шешім қабылдады. Бүкіл 90-шы жылдары Қазақстаннан 3 миллион 690 мың адам кетті. Елде 14 миллионнан сәл ғана астам азаматтар қалды. Бұл Қазақстанның еңбек және экономикалық әлеуетін әлсіретті. Экономикалық коллапс елеулі саяси дағдарыс туындатты, этносаралық және әлеуметтік қарым-қатынастар шиеленісе түсті. Ол кезде этносаралық қақтығыстар негізінде кінәсіз адамдардың қаны төгілген көршілес Қырғызстанның Ош облысындағы, Ферғанадағы, Бакудегі, Сумгаиттегі, Таулы Қарабақтағы, Кавказдағы, Приднестровьедегі, Балтық бойындағы оқиғалардан қорытынды шығарып, мәселеге шынайы көзқарас танытуға біздің кемеңгерлігіміз бен саяси ерік-жігеріміз жетті", - деді Нұрсұлтан Назарбаев. Елбасы қазақстандықтардың өз тағдырын өз қолына алып, құрметті мемлекет тұрғызғанын атап өтті.
Айта кетейік, ел Президентінің жарлығымен 2015 жыл - ҚХА жылы болып бекітілген. Қазақстан халқы Ассамблеясы 1995 жылы құрылды.