Алматыда ардагерге жасалған шабуыл ісіне қатысты қылмыстық іс қозғалды, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі қалалық ІІД баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Алматыда ардагерге жасалған шабуыл ісіне қатысты қылмыстық іс қозғалды, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі қалалық ІІД баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
"Медеу аудандық ішкі істер басқармасының мәліметінше, ҚР ҚК 293-бабы бойынша (Бұзақылық) қылмыстық іс 23 сәуірде қозғалды", - делінген баспасөз хабарламасында.
Сонымен қатар, тәртіп сақшыларының айтуынша, криминалдық полиция бөлімінің қызметкерлері шабуыл жасаған ер адамның аты-жөнін анықтау және ұстау бойынша жедел-іздестіру шаралары жүргізіліп жатыр. Мұнымен бірге, ішкі істер басқармасының тергеу бөлімшелері видеобақылау камерасында жазылған видеоны "Қауіпсіз аула" бағдарламасы аясында сараптамадан өткізгені хабарланды. Оның қорытындысы іс материалдарына қосылды.
Полиция өкілдері барлық қажетті тергеу шараларын өткізгеннен кейін қылмыстық іс тонау болып қайта қаралуы мүмкін. Сотқа дейінгі тергеу жалғасып жатыр.
Еске салайық, осыған дейін Желіде Алматыдағы ҰОС ардагері Николай Хохловтың соққыға жығылғаны бейнеленген видео пайда болған еді. Роликте зейнеткерге бір ер адамның жақындап келіп, қабын тартып алып жатқаны және ұрғаны бейнеленген. 89 жастағы ардагердің қызы Ирина Зуеваның айтуынша, оқиға 23 сәуірде күндіз болды. ҰОС ардагері ауруханаға жеткізілгеннен кейін дәрігерлер оның жарақатын тігіп берді. "Оның басы жарақаттанды, қабырғасы зақымданды. Көзі ісінген. Қазіргі уақытта ол ем қабылдап жатыр. Әкем болған оқиғадан әлі абдырап жатыр, ал құлаған сәті есінде жоқ", - деді Зуева.