Көктөбеге апаратын аспалы жол уәде берілген мерзімнен кеш ашылатын болды, бұл туралы Tengrinews.kz тілшісінің ресми сауалына Алматы әкімдігінің туризм басқармасындағылар жауап берді.
Көктөбеге апаратын аспалы жол уәде берілген мерзімнен кеш ашылатын болды, бұл туралы Tengrinews.kz тілшісінің ресми сауалына Алматы әкімдігінің туризм басқармасындағылар жауап берді.
Ескі аспалы жолды бұзу жұмыстары 2014 жылы күзде басталған болатын, енді оны қайта құру 2015 жылы шілдеде толық аяқталатыны қазір белгілі болды, ал бұған дейін маусым айында аяқталады делінген еді.
"Бүгінгі таңда ескі аспалы жол толық бұзылды, оны құрастыру жұмыстары жүріп жатыр. ТМД елдері бойынша аспалы жол салуда мол тәжірибесі бар ресейлік "Сноупром сервис" ЖШҚ компаниясы сегіз орынды аспалы жолды құрастыру жұмыстарына сәуір айынан бастап кірісті. Төменгі станция құрастырылды, 1,2,3,4-тіректер (жоба бойынша олар барлығы - алтау - Автор.)", - делінген басқарманың Tengrinews.kz тілшісінің ресми сауалына берген жауабында. Сонымен қатар, Көктөбеге дейінгі аспалы жол құрылғыларының барлығы Франциядан әкелінгені хабарланды, олардың қатарында түрлі-түсті 17 гондол бар.
Бұған дейін Көктөбеге апаратын аспалы жолдың жөндеуге жабылғаны хабарланған болатын. Көктөбедегі аспалы жол соңғы рет тоғыз жыл бұрын жаңартылған. Көктөбе саябағы басшыларының айтуынша, ол техникалық талаптарға жауап бергенімен ескірді деп саналады. Аспалы жолдың ұзындығы - 1727 метр, жету уақыты - 6 минут. Туристер қаланың ғажайып бейнесі мен Шығыс айналма жолын көре алады. Аспалы жолдың жерден биіктігі - 80 метр, жылдамдығы - секундына 6,2 метр, үстінгі және төменгі станциялар биіктігінің айырмасы - 250 метр. Сонымен қатар, Көктөбеге апаратын аспалы жолдың ашылуына Жерар Депардьенің келуі мүмкін деп хабарланған болатын. Аспалы жолды қалыпқа келтіруге қанша қаржының жұмсалатыны белгісіз, саябақ басшыларының айтуынша, ол жеке инвестицияның есебінен жасалып жатыр.