Қазақстанда жетімдердің өмірі жайлы телехикая түсіріледі, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі "Қазақстан" РТРК баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Қазақстанда жетімдердің өмірі жайлы телехикая түсіріледі, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі "Қазақстан" РТРК баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Баспасөз қызметінің мәліметінше, 64 сериялы хикаяның түсірілімі 1 шілде күні басталады. Теленовелланы түсіруші - қазақстандық режиссер әрі сценарийші Рашид Сүлейменов.
"Көркем фильм" кинокомпаниясы телехикаяның басты және қосымша рөлдерін сомдауға кастинг жариялады. Оның бір ерекшелігі, кастингке балалар үйінің тәрбиеленушілері қатысып, телехикаядағы басты және эпизодтағы рөлдердің бірін сомдауға мүмкіндік алады. Хикаяда "Жасөспірімдер үйінде" тәрбиеленіп жатқандардың тағдыры мен үлкен өмірге жасаған алғаш қадамдары туралы баяндалады", - делінген хабарламада.
Баспасөз қызметіндегілердің айтуынша, телехикая кейіпкерлері қуаныш пен қайғыны, алғашқы махаббат, достық пен сатқындықты бастарынан кешіреді. Бірақ олар жалғыз емес, бозбалалар мен бойжеткендерді ата-анасы мен туыстарының орнын басқан жолдастары, ұстаздары және тәрбиешілері қолдап отырады.
Айта кетейік, кастингке қатысуға өтініштерді қабылдау 14 маусым, яғни жексенбі күні аяқталады. Кандидаттарды іріктеу 15 және 16 маусым күндері "Көркем фильм" кинокомпаниясының кеңсесінде өтеді. Толық ақпаратты мына телефон арқылы алуға болады: + 7 771 581 93 93. Міндетті шарттар: қазақ тілін білу, актерлік шеберлікті меңгеру. Суреті бар түйіндемені мына электронды поштаға жолдау қажет: korkemfilm@list.ru.