Оңтүстік Қазақстан облысында Қазығұрт ауданы Қосағаш ауылының оқушысы Мұхамедәли Құрақ үш жасар қызды судан аман алып қалды, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі.
Оңтүстік Қазақстан облысында Қазығұрт ауданы Қосағаш ауылының оқушысы Мұхамедәли Құрақ үш жасар қызды судан аман алып қалды, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі.
30 наурызда ауылдық жерде қатты нөсер жауып, көшелерде сел пайда болған. Төртінші сыныпта оқитын Мұхамедәли ауыл шетінде ойнап жүрген кезде сумен ағып бара жатқан қызды кенеттен байқап қалады. Ауылдастарының айтуынша, Мұхамедәли қызды судан алып шыққан кезде ол ес-түссіз жатқан. "Тұншығып жатқан қызға Мұхамедәли медициналық көмек көрсетті. Кеудесінен бірнеше рет соққы жасағаннан кейін қыз жұтып қойғандарын сыртқа шығарды. Кейін ол ауруханаға жеткізілді", - деді оқушының көршілері.
Мұхамедәлидің ата-анасы баласының ерлігін ауылдастарынан білген. "Ол қызды көрген бойда суға жүгіргенін бізге кейін айтып берді. Мұндай кезде қандай әрекет жасау керегін ол теледидардан көрген екен", - деді оқушының анасы Раушан Сманова.
Қазығұрт аудандық ауруханасы өкілдерінің мәліметінше, қазір үш жасар Ақбілек Серікбайдың өміріне қауіп жоқ. "Қыздың жағдайы жақсы, біз өкпесін рентгенге түсірдік, өкпесіне су кетіп қалмаған екен. Тексерістен өткізгеннен кейін ол үйіне қайтарылды", - деді Қазығұрт аудандық Орталық аурухананың бас дәрігері Жайлау Қарабеков.