15 қазан 2019 16:57

Қазақстандық балуан: қарсыласымның адамгершілігіне риза болдым

ПОДЕЛИТЬСЯ

Нұр-Сұлтанда өткен күрес түрлерінен әлем чемпионатында жанкүйерлер көңілінен шыққан балуандардың бірі - Әлішер Ерғали. Еркін күрестен 97 келіге дейінгі салмақта белдескен ол жартылай финалға дейін сүрінбей, қола медаль үшін күресте македониялық спортшыға есе жіберді. Десе де, ересектер арасындағы әлем біріншілігіне алғаш рет қатысып, үздік бестікке ену және Олимпиада ойындарына жолдама алу - үлкен жетістік. Ұлттық олимпиада комитетінің баспасөз қызметіне берген сұхбатында Әлішер Ерғали ендігі бар әлеуетін Токио ойындарында көрсететінін айтты, - деп хабарлайды Тengrinews.kz тілшісі. 

Балуан ересектер арасындағы әлем чемпионатына бірінші рет қатысқанын айтады.

"97 келі салмақта әлемге әйгілі балуандардың көп екенін білесіздер. Оның үстіне, дүбірлі доданың өз жерімізде, өз жанкүйеріміздің алдында өткені де психологиялық тұрғыдан қиындау соқты. Бірақ барлық жағынан жақсы дайындалып, намысқа тырыстым. Жартылай финалда Олимпиада чемпионы, әлемнің бірнеше дүркін жеңімпазы Абдулрашид Садулаевпен белдестім. Әрине, Садулаевпен кездесу оңай болған жоқ, бірақ, мен дайын болдым. Ол өте тәжірибелі балуан. Кездесудің соңғы жағында тіземді қайырып алғанымды көпшілік байқаған шығар. Осы сәтте Абдулрашидтің әдіс жасамай, тоқтап тұрғанына риза болдым. Сол кезде белдесудің соңына дейін тоқтамай, ірі есеппен ұтуына болатын еді. Бірақ адамгершілік танытып, тіпті, белдесу аяқталған соң да денсаулығымды сұрап жатыр. Бұл кездесу мен үшін үлкен тәжірибе болғаны сөзсіз", - дейді Әлішер Ерғали.

Қола медаль үшін таласта ол қандай қателік жібергенін айтты.

"Өткен кездесуде бапкерлердің айтқанын тыңдамай, өз бетімше күрескенімнен зиян шектім. Қанша жерден ұтқым келсе де, жеңіс бұйырмай кетті. Шынымды айтсам, сол белдесудегі күресім мүлде көңілімнен шыққан жоқ. Енді бар күшімді Токио Олимпиадасына дайындалуға жұмсаймын. Олимпиада ойындарының басталуына 283 күн қалды. Біраз уақыт бар, қатемді түзету үшін жұмыс істеймін. Нұр-Сұлтанда кеткен есемді Токиода қайтарамын. Бұйырса, қазағымның көк туын Олимпиада ойындарында желбіретемін", - дейді ол.

Читайте также
Join Telegram

Валюта бағамы

 446.44   490.7   4.77 

Ауа райы

Редакция Жарнама
Социальные сети