АҚШ-тың түрлі өңірлерінде мыңдаған адам бұрынғы президент Дональд Трамп пен миллиардер Илон Маскқа қарсы наразылық акцияларына шықты, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі Deutsche Welle басылымына сілтеме жасап.
Басылымның мәліметінше, 2025 жылдың 5 сәуірі, сенбі күні ел бойынша 1200-ден астам митинг өткізілді. Оларды 150-ге жуық ұйым ұйымдастырған. Олардың қатарында азаматтық құқықтарды қорғау ұйымдары, кәсіподақтар, аз ұлттар құқығын қорғайтын бірлестіктер, ардагерлер мен сайлау науқандарында жұмыс істеген белсенділер бар.
Наразылық шаралары Вашингтондағы Ұлттық аллеяда, әртүрлі штаттардың капитолий ғимараттары маңында және барлық 50 штатта өтті. Ұйымдастырушылардың айтуынша, Вашингтон қаласындағы Вашингтон монументі маңында 20 000-нан астам адамның жиналуы күтілді.
Ақ үйден бірнеше көшедегі ашық алаңда "Қолыңды тарт!" деген жазуы бар үлкен баннер ілінді. Кейбір шерушілер қолдарына:
"Бұл менің президентім емес!",
"Фашизм келді",
"Зұлымдықты тоқтатыңдар",
"Әлеуметтік қамсыздандыру жүйемізге тиіспе!" деген жазулар ұстаған.
Associated Press агенттігінің ақпаратына сүйенсек, наразылыққа қатысушылар Трамп әкімшілігінің келесі әрекеттерін айыптаған:
мыңдаған федералды қызметкерді жұмыстан босату,
тұтас агенттіктерді жабуға талпыныс,
иммигранттарды депортациялау,
трансгендер адамдардың құқықтарын шектеу,
денсаулық сақтау бағдарламаларына бөлінетін федералдық қаржыны қысқарту.
5 сәуір күні Балтимор маңындағы АҚШ-тың Әлеуметтік қамсыздандыру қызметінің штаб-пәтері алдында бірнеше жүз адам жиналып, зейнеткерлер мен мүгедектерге арналған жәрдемақыларды басқаратын мекемеге қысқартуларға наразылық білдірді. БАҚ мәліметінше, наразылық шерулері Париж, Рим және Лондон қалаларында да өткен. Сонымен қатар, Мексика мен Канадада да осындай акциялар жоспарланған.
Еске салайық, бұған дейін америкалық демократ, сенатор Кори Букер Сенатта тарихи наразылық акциясын өткізіп, 25 сағат 5 минуттық сөз сөйлеген. Ол Трамп саясатының қауіптері туралы ескертіп, АҚШ Конгресі Сенаты тарихындағы ең ұзақ сөз сөйлеген саясаткер атанған.
Сілтемесіз жаңалық оқисыз ба? Онда Telegram желісінде парақшамызға тіркеліңіз!