Поп-музыка жұлдызы Дженнифер Лопестің концерті 10 тамыз күні Алматыдағы Орталық стадионда өтеді. Қала әкімдігі бұл ауқымды іс-шараға мегаполистің қалай дайындалып жатқанын айтты, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі.
Стадион аумағындағы ұсақ құрылыс және жөндеу жұмыстары 9 тамызға дейін аяқталуы тиіс.
"Бұған дейін жарықтандыру жүйесі жаңартылып, 50-ден астам прожектор ауыстырылды. Дезинсекция мен санитарлық тазалау жұмыстары жүргізілді, санитарлық-гигиеналық тораптар жаңартылып, қоршаулар қалпына келтірілді, айнала абаттандырылды", – деп мәлімдеді әкімдік.
Стадион айналасына қосымша 100-ге жуық биоәжетхана орнатылады.
Қауіпсіздік шаралары
Қазір стадион қауіпсіздік талаптарына сәйкес келе ме – тексеріс жүргізіліп жатыр.
"Бұл концерт – Алматы үшін маңызды оқиға. Оның қалай өтетіні қаланың халықаралық имиджіне әсер етеді. Мұндай іс-шаралар туризмнің дамуына да оң ықпал етеді", – деді қала әкімінің орынбасары Азамат Қалдыбеков.
Әкімдіктің мәліметінше, қоғамдық тәртіп пен қауіпсіздікті қамтамасыз етуге барлығы 2 960 адам тартылады:
– 2 240 полиция қызметкері
– 600 әскери қызметкер
– 120 жеке күзет агенттігі қызметкері
– 300 волонтер
Стадион аумағында 26 бақылау-өткізу бекетінде металл іздегіштер мен 52 қол сканері қойылады. Стадион төрт негізгі фан-аймаққа бөлінеді, әрқайсысы 2–3 мың адамды қамти алады. Жедел жәрдем мен өрт сөндіру көліктері де кезекшілік етеді.
Көлік пен қолайлылық
Келушілерге ыңғайлы болу үшін арнайы бағыттармен 50 автобус жұмыс істейді. Қозғалыс Абай, Сәтпаев және Байтұрсынов көшелері арқылы жүргізіледі. Навигациялық белгілер мен LED-экрандар көмектеседі. Әншінің жанкүйерлері On the Floor, Ain’t Your Mama, Let’s Get Loud секілді әйгілі хиттерін күтіп жүр.
Орталық стадионға қатысты сұрақтар
Алайда тұрғындардың кейбірі концерт өткізілетін Орталық стадионның дайындығына күмәнмен қарайды. 1958 жылы салынған нысан бірнеше мәрте жөнделсе де, инфрақұрылымы ескірген деген пікір бар. Журналистер стадионға барып, дайындық барысын көрсету үшін ресми сұрау салған, алайда түсірілім жасауға рұқсат берілмеген.
Сілтемесіз жаңалық оқисыз ба? Онда Telegram желісінде парақшамызға тіркеліңіз!