Әл-Фараби даңғылында бір топ жүргізуші қауіпті жарыс ұйымдастырды. Олар видеоға түсіп қалған. Жағдайға қатысты қалалық полицияның баспасөз қызметі өкілдері пікір білдірді, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі.
Ведомствоның нақтылауынша, әлеуметтік желілерге мониторинг жүргізу барысында әл-Фараби даңғылында бір топ жүргізушінің қауіпті маневрлер жасап жүрген видеосы анықталды.
"Жазбада өрескел заңбұзушылықтар тіркелген: қарсы бағытқа шығып кету, апаттық жағдай туғызу, шұғыл жолақ ауыстыру, қауіпсіздік талаптарын елемеу", — деп атап өтті полициядағылар.
Instagram-дағы бұл жарияланымды көру
Бұл жайтқа қатысы барлар ұсталған.
"Олар жасаған құқықбұзушылықтары, соның ішінде қауіпті маневр жасау, қарсы бағытқа шығу, апаттық жағдай туғызу, рөлде отырып ұялы телефон пайдалану, қауіпсіздік белдігін тақпау деректері бойынша әкімшілік жауапкершілікке тартылды", — деді Алматы қалалық ПД Әкімшілік полиция басқармасының бастығы Әбдінұр Тасыбаев.
Полиция жолдағы мұндай әрекеттердің өмірге қауіпті екенін ескертті. Сондай-ақ, ведомство құқықбұзушылықтың қашан және қалай тіркелгеніне қарамастан, әрбір жағдайға құқықтық баға беріліп, кінәлілер жауапқа тартылатынын атап өтті.