Алматы облысында "Бағанашыл" балалар үйінің тәрбиеленушілерін Алматыдан көшіруге байланысты туындаған дау салдарынан үш шенеунік қызметінен босатылды, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі.
Алматы облысының білім басқармасы редакция сұрауына берген жауабында, Президент Әкімшілігімен келісім бойынша облыс әкімінің орынбасары Болат Куренбеков қызметінен босатылғанын мәлімдеді.
"Сондай-ақ білім басқармасының басшысы Салтанат Баспаева және ішкі саясат басқармасының басшысы Ерік Әбитов қызметтерінен босатылды", – делінген басқарма хабарламасында.
Бұдан бөлек, Алматы облысы әкімінің бірінші орынбасарына қатаң сөгіс жарияланды.
Болат Куренбеков облыс әкімінің орынбасары қызметіне 2024 жылдың тамызында тағайындалған. Бұған дейін Қостанай облысы бойынша ҰҚК департаменті бастығының бірінші орынбасары болған.
Салтанат Баспаева 2022 жылдың маусымынан бері облыстық білім басқармасын басқарды. Оған дейін Еңбекшіқазақ ауданындағы ішкі саясат, мәдениет, тілдерді дамыту және спорт бөлімінің басшысы қызметін атқарған.
Ерік Әбитов 2024 жылдың сәуірінен бастап ішкі саясат басқармасының басшысы болды. Бұған дейін "Есікгеосәулет" КМК директоры, облыстық мәслихат депутаты болған.
"Бағанашыл" дауы
Еске сала кетейік, 21 шілдеде Алматыдағы "Бағанашыл" балалар үйінің тәрбиеленушілерін Қонаевқа көшіру балалардың жылап, айқайлауына, талып қалуына, полиция мен жедел жәрдемнің келуіне себеп болған.
Бұл жағдайға Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев араласты. Оның тапсырмасымен балаларды көшіру тоқтатылып, Президент Әкімшілігі жанынан қызметтік тергеу тағайындалды.
Сілтемесіз жаңалық оқисыз ба? Онда Telegram желісінде парақшамызға тіркеліңіз!