Қазақстанның Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Светлана Жақыпова Мәжілістегі брифингте бір мезгілде бірнеше елден зейнетақы алған азаматтарға қандай жаза қолданылатынын айтты, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі.
Министрдің сөзінше, олар үшін тек бір жаза бар – заңсыз алынған бюджет қаржысын қайтару.
"Еңбек министрлігінде азаматтың Қазақстаннан қашан заңсыз кеткені туралы – қашан тіркеуден шыққаны, қанша уақыт елде тұрмағаны жайлы дерек жоқ. Келтірілген шығын көлемін құзырлы орган мен Қаржы мониторингі агенттігі анықтауы тиіс", – деді Жақыпова.
Министрдің сөзінше, барлық материалдар тиісті органдарға берілген. Қазіргі таңда тергеу жүріп жатыр.
"Ең үлкен жаза – қалған өмірінде қаражатты қайтадан орнына қою. Заң мен тәртіп бүкіл қоғамда жұмыс істеуі керек", – деп қосты министр.
Айта кетейік, бұған дейін министр бірден үш елден қатар зейнетақы алған жағдайлар тіркелгенін хабарлаған болатын.
Сілтемесіз жаңалық оқисыз ба? Онда Telegram желісінде парақшамызға тіркеліңіз!