Жамбыл облысындағы Жаңатас қаласында дауыл соғып, салдарынан Сарысу ауданында төтенше жағдай режимі жарияланды. Бұл туралы өңір әкімі Ербол Қарашөкеев мәлімдеді, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі.
Мән-жай
Бұған дейін Сарысу ауданы әкімдігінің Instagram-парақшасында тұрғындарға үндеу жарияланған.
Онда 6 ақпанда соққан дауылдың салдарынан қаладағы кейбір көпқабатты үйлердің шатырлары ұшып кеткені айтылған. Қауіпсіздік үшін тұрғындардан аса қажет болмаса сыртқа шықпау, ал қала ішінде жүріп-тұрғанда сақ болу сұралды.
Посмотреть эту публикацию в Instagram
Сондай-ақ, қала мектептеріндегі таңғы ауысымда оқитын оқушылардың сабақтары қашықтан өтетіні хабарланды.
Әкім не дейді?
Кейінірек Ербол Қарашөкеевтің айтуынша, бүгін қатты желден Сарысу ауданының Жаңатаста бірқатар көппәтерлі үйдің шатырлары бүлініп, электр желілеріне де зақым келген.
"Мен Жаңатасқа барып, жағдаймен таныстым. Үш тұрғын үйдің шатыры түгелдей ұшып кеткен, тағы жеті үйдің шатыры жартылай бүлінген. Сонымен қатар, жеті кәсіпкерлік нысан зардап шекті. Ұзындығы 2 шақырым болатын электр беру желілері зақымданған", - деді өңір басшысы.
Ол Сарысу ауданында төтенше жағдай жарияланғанын нақтылады.
"Залал бағаланып жатыр. Салдарын жоюға қаржы қарастырылады, тұрғындар мен кәсіпкерлерге қажетті көмектің бәрі көрсетіледі. Аудан әкімдігіне, төтенше жағдайлар департаментіне және жауапты басқармаларға бүгіннен бастап қалпына келтіру жұмыстарын дереу бастау тапсырылды. Жағдай менің жеке бақылауымда", - деп қосты әкім.
Әкімнің айтуынша, коммуналдық қызметтер қалыпты режимде жұмыс істеп жатыр, әлеуметтік нысандарға зиян келмеген. Ең бастысы, зардап шеккендер жоқ.
Видеолар
Әлеуметтік желілерде ауа райының қолайсыздығынан кейінгі көріністер түсірілген видеолар да пайда болды. Авторлар түсірілім 6 ақпанда Жаңатаста болғанын айтады.
Осы видеолардың бірінің астында Сарысу ауданы әкімдігі: 2026 жылғы 6 ақпанда қатты жел салдарынан тұрғын үйлердің шатырлары, кәсіпкерлік нысандар және электр беру желілері зақымданғанын растаған. Ауданда бір ауысыммен оқитын 15 мектеп уақытша қашықтан оқыту форматына көшірілгені де айтылған.
Сілтемесіз жаңалық оқисыз ба? Онда Telegram желісінде парақшамызға тіркеліңіз!