Ресейдің күштік құрылымы генерал-лейтенант Владимир Алексеевке жасалған қастандыққа қатысы бар деген күдікпен үш адамның атын атады. Негізгі күдікті БАӘ-ден экстрадицияланып, Ресейге жеткізілген, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі Тергеу комитетінің сайтына сілтеме жасап.
Тергеу комитетінің мәліметінше, күдік 1960 жылы туған Любомир Корбаға түсіп отыр. Қылмыс жасалғаннан кейін бірнеше сағаттан соң ол БАӘ-ге ұшып кеткен, сол жерде ұсталып, кейін Ресей аумағына қайтарылған.
"Ресейлік Корба былтырғы желтоқсанның аяғында Украина арнайы қызметтерінің тапсырмасымен Мәскеуге келіп, террорлық әрекет жасауды жоспарлағаны анықталды", – деп мәлімдеді комитет.
Сондай-ақ, Мәскеу өңірінде оның сыбайласы Виктор Васиннің де ұсталғаны хабарланды. Оған бірнеше бап бойынша айып тағылған. Ал үшінші күдікті Украина аумағына кеткен.
"Қылмыстың барлық мән-жайын анықтауға, сондай-ақ ұйымдастырушыларды табуға бағытталған тергеу және жедел-іздестіру шаралары жалғасып жатыр, – делінген мәлімдемеде.
Еске салайық, 6 ақпанда Мәскеуде РФ Қарулы күштері Бас штабының Бас барлау басқармасы (ГРУ) басшысының бірінші орынбасары қызметін атқаратын генерал-лейтенант Владимир Алексеевке шабуыл жасалған. Генерал ауруханаға жеткізілген.
Сілтемесіз жаңалық оқисыз ба? Онда Telegram желісінде парақшамызға тіркеліңіз!