Бүгін Нұр-Сұлтан қаласындағы Индонезияның елшілігінде мемлекеттік ту көтеріліп, гимн шырқалды. Индонезиялықтар ұлттық киім киіп, дәстүрлі тағамдарын әзірледі. Дипломаттар екі ел арасындағы туризм, тауар айналымы, мәдени сала бойынша жоспарын айтты, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі.
Бүгін Нұр-Сұлтан қаласындағы Индонезияның елшілігінде мемлекеттік ту көтеріліп, гимн шырқалды. Индонезиялықтар ұлттық киім киіп, дәстүрлі тағамдарын әзірледі. Дипломаттар екі ел арасындағы туризм, тауар айналымы, мәдени сала бойынша жоспарын айтты, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі.
1945 жылдан бастап 17 тамызда Индонезия халқы тәуелсіздік мерекесін тойлайды. Әлемнің әр түкпіріндегі дипломатиялық ведомствосында ту көтеріліп, сыртта жүрген отандастар жиналады.
Индонезияның Қазақстандағы төтенше және өкілетті елшісі Рахмат Прамоно Қазақстан мен Индонезия арасындағы тауар айналымы 5 есе ұлғайғанын атап өтті.
"Мен Қазақстанда 3,5 жылдан бері тұрамын. Осы уақыт аралығында жан-жақты бағыт бойынша екіжақты байланыстың қарқыны артты. Саяси қарым-қатынаста да бір-бірімізді түрлі шарада қолдаймыз. Әсіресе, соңғы БҰҰ-ға мүшелікке сайлау кезінде жақсы қолдау болды. 2019 жылы елдеріміз арасындағы экономикалық тауар айналымы өткен жылдармен салыстырғанда 500 пайыз, яғни 5 есе ұлғайды", - деді Индонезияның төтенше және өкілетті елшісі Рахмат Прамоно.
Сондай-ақ ол индонезиялықтар Қазақстанның Түркістан қаласына, әсіресе Қожа Ахмет Яссауи кесенесі келгенді жақсы көретінін атап өтті. Алайда коронавирус пандемиясы салдарынан туризм саласы тоқтап қалды.
"Пандемия кезінде туризм саласы қиналды. Рейстер тоқтатылып, туристер келе алмады. Көптеген зауыт жабылды. Жұмысшылар еңбек ете алмай отыр. Қазір барлық жер "қатып" қалды деуге болады. 2019 жылы Қазақстаннан 6 мыңнан астам турист барды. Бұл көрсеткіш жыл сайын көбейіп келеді. Әуе рейстері қалай ашылады, солай туристер тағы саяхатқа шығады. Қазақстанға келетін туристер саны да артады.
Қуанышымызға орай, Қазақстан Үкіметі өткен жылдың басында индонезиялықтар үшін 30 күндік туристік визаға рұқсат етті. Индонезиялықтар, әдетте, мұсылмандардың қасиетті жерлеріне саяхат жасағанды жақсы көреді. Сондықтан осы тізімге Түркістан қаласын қосқымыз келеді. Себебі индонезиялықтар Түркістанға келгісі келеді. Жақын арада рейстер ашылса екен деп үміттенеміз", - деді елші.
Ал елшіліктегі әлеуметтік-мәдени мәселелер жөніндегі бірінші хатшы Росдиана Муртинингсих қазақстандықтар үшін Индонезия Үкіметі ұсынатын 3 грант бағдарламасы туралы айтып берді.
"Биыл Индонезия-Қазақстан өзара тиімді дипломатиялық қатынастарының орнағанына 27 жыл толады. Жыл сайын түрлі сала бойынша өсім бар, дамып келеді. Мәдени, білім саласындағы байланысқа келсем, біз бұл саланы нықтап алдық.
Мысалы, Индонезия Үкіметі жыл сайын білім саласында 3 ірі стипендиялық бағдарлама ұсынады. Біріншісі, мәдениет және өнерді тану үшін қысқамерзімді бағдарлама бойынша студенттерді жібереміз. Екінші "Дармасисва" стипендиясы - біліми дәреже берілмейді, бірақ Индонезия өнері мен тілін үйренуге баруға болады. Индонезия тілі "Бахаса Индонезия" деп аталады. Оны 10-12 айда үйрететін курс бар. Үшінші бағдарлама бакалавр, магистр және доктор дәрежесін алуға арналады. Осы бағдарламалармен қатар Индонезия университеттерінің стипендиясы көбейіп жатыр. Біз Индонезия Үкіметі білім саласын қолдайтынына қуаныштымыз. Себебі Қазақстан Индонезияда білім алу жарнамасы үшін әлеуетті нарық деуге болады. Сұраныс бар", - деді ол.
Сонымен қатар, дипломат екі ел арасындағы импорт-экспорт тауарларына тоқталды.
"Біз Қазақстаннан түрлі түсті металл, мұнай өнімдерін импорттаймыз, ал автобөлшектерді Қазақстанға экспорттаймыз. Болашақта бизнесмендер мен кәсіпкерлерді көбірек тартуды көздеп отырмыз. Қазақстан кәсіпкерлеріне индонезиялық бизнесмендердің косметика, кофе және жиһаз өнімдерін ұсынамыз", - деді бірінші хатшы Росдиана Муртинингсих.
Сондай-ақ қазақстандықтар үшін елшілік ғимаратында түрлі аспаздар курсы, тіл үйрену, би, музыка курсы өтеді. Пандемияға байланысты барлық мәдени шара онлайн режимде өтіп жатыр.
Айта кетейік, 1945 жылы 17 тамызда индонезиялық ұлт көшбасшысы Сукарно Джакарта Индонезияның саяси үндеуін оқыды. Тәуелсіздік жарияланғаннан кейін ақ-қызыл ту көтеріліп, "Санг Мерах Путих" салтанаты жасалды. Сондай-ақ қазір ұлттық гимн болған "Жұмақ Индонезия" әні орындалды. Ал Сукарно мемлекеттің тұңғыш президенті болды.
Қазақстан жаңалықтары. Соңғы жаңалықтар. Telegram желісінде бізге жазыл!