Қамшыбек Тәшиев Қырғызстан Министрлер кабинеті төрағасының орынбасары әрі Ұлттық қауіпсіздік мемлекеттік комитетінің төрағасы қызметінен босатылды, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі қырғыз БАҚ-тарына сілтеме жасап.
24.kg басылымының мәліметінше, Қамшыбек Тәшиевтің Қырғызстанның Ұлттық қауіпсіздік мемлекеттік комитетінің төрағасы қызметіне 2020 жылғы 16 қазанда тағайындалған. Жарлыққа сол кезде 2020 жылғы 5–6 қазан оқиғаларынан кейін президент міндетін атқарушы болған Садыр Жапаров қол қойған.
"Қамшыбек Тәшиев пен елдің қазіргі президенті Садыр Жапаровтың көпжылдық қарым-қатынасы әрдайым елдегі ең тұрақты әрі ықпалды саяси одақтардың бірі ретінде қарастырылып келді. Олардың ынтымақтастығы билікке келмей тұрып-ақ басталған: 2010-жылдардың басында олар саяси үдерістерде бірнеше рет бір тарапта болды, 2012 жылы ортақ қылмыстық эпизодты бірге өткерді, бұл олардың жеке байланысын одан әрі нығайтты", - деп жазады басылым.
2020 жылғы қазан оқиғаларынан кейін бұл тандем түбегейлі қалыптасты: Садыр Жапаров президент болды, ал Қамшыбек Тәшиев ҰҚМК басшысы болып тағайындалып, күштік блоктың негізгі тірегіне айналды. Дәл ол ең даулы істерді қадағалап, күштік саясатты қалыптастырды және іс жүзінде президент командасының ең жақын сенімді адамы саналды.
"Сарапшылар ортасында олардың одағын жиі елдегі ең берік саяси дуэт деп атады, ал Қамшыбек Тәшиевке қатысты кез келген кадрлық өзгеріс билік конфигурациясындағы елеулі өзгерістердің белгісі ретінде қабылданатын. Кейінгі уақытта саяси ортада арнайы қызмет басшысы алдағы президент сайлауына қатысуы мүмкін деген сыбыс тарады. Қамшыбек Тәшиевтің өзі бірнеше рет президенттік бәсекеге қатыспайтынын және Садыр Жапаровты қолдайтынын мәлімдеген", - делінген жарияланымда.
Сілтемесіз жаңалық оқисыз ба? Онда Telegram желісінде парақшамызға тіркеліңіз!