North Caspian Operating Company N.V. (NCOC) – Кашаган кен орнын игеруші оператор – Астанадағы сотта Атырау облысының экология департаментіне қарсы істі жеңіп шықты, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі.
Астана қалалық сотының баспасөз қызметі хабарлағандай, NCOC бұл талапты департаменттің берген нұсқамасын заңсыз деп тану және күшін жою мақсатында түсірген.
Сот тергеуі барысында Атырау облысы экология департаментінің нұсқама шығаруда әкімшілік рәсімдік-процестік кодексті бұзғаны анықталған. Осыған байланысты сот нұсқаманы жойғанымен, компания тарапынан экологиялық заңбұзушылықтар шынымен болған-болмағанын қараған жоқ.
Сонымен қатар, сот экология департаментіне барлық рәсімдерді сақтай отырып, қайтадан әрекет етуге рұқсат берді.
"Алайда нұсқаманың рәсімдік бұзушылықтар үшін жойылуы оның мәні бойынша экологиялық заңбұзушылықтардың жоқ екенін автоматты түрде білдірмейді. Сот шешімі экология департаменті анықтаған заңбұзушылықтардың мазмұнына әсер етпейді және уәкілетті органның рәсімдік қателер жойылған жағдайда қайта әрекет ету мүмкіндігін жоққа шығармайды", – делінген Астана сотының хабарламасында.
Бұл талап Атырау облысы экология департаментінің 2022 жылдың 13 желтоқсанындағы №072-17 нұсқамасына қатысты. Ол NCOC-ке Кашаган кен орнындағы тексеру қорытындысы бойынша берілген. Құжатта экологиялық заңбұзушылыққа қатысты 10 тармақ көрсетілген, соның ішінде күкірт сақтау лимитінен асу, ағынды суларды ағызу және басқа да мәселелер бар.
Еске салайық, 2023 жылы Үкімет NCOC-ті үлкен көлемде күкірт сақтағаны үшін 2,3 триллион теңге айыппұл төлеуге міндеттеген еді.
2024 жылдың қаңтарында Астананың экономикалық соты NCOC компаниясынан шамадан тыс шикі газ жағу дерегі үшін 3,5 миллиард теңге өндіріп алды.
Сонымен қатар, халықаралық арбитражға 160 миллиард доллардан асатын талап қойылған. Бұл – жоғалған пайда, қоршаған ортаға келтірілген болжамды залал және жемқорлықпен байланысты шығындарды өтеуге қатысты талап.
Кашаган – қазіргі таңда ашылған ең ірі және күрделі теңіз кен орындарының бірі. Онда 4,65 миллиард тонна көлемінде геологиялық қор бар деп бағаланған. Консорциум құрамында Eni, Total, ExxonMobil, Shell, CNPC, Inpex және "ҚазМұнайГаз" ҰК" бар.
Сілтемесіз жаңалық оқисыз ба? Онда Telegram желісінде парақшамызға тіркеліңіз!